Қазақстан қалаларында ұялы телефонды жөндеу қызметінің бағасы қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Смартфон бірнеше жыл бойы құлап, күн сайын қуатталып жүрсе де, қалыпты жұмыс істей беруі мүмкін. Алайда уақыт өте келе бірден бірнеше қымбат бөлшегін жөндеуге тура келетін жағдайлар да кездеседі. Құрылғыны қайта қалпына келтіруге қанша қаражат қажет екенін Kazinform тілшісі анықтап көрді.
Шалт қимылдап, ұялы телефонды абайсызда қолдан түсіріп алса, әйнегі шытынап қалады. Ал жөндеуге апарған кезде қорғаныш әйнегі емес, дисплей модулінің сынғаны белгілі болады. Ұялы телефонның өзге де бөлшегі жылдар өте келе ескіреді. Бірнеше жылдан кейін қуаттағышы әлсіреп, қуаттау ұяшығы дұрыс жұмыс істемей, әбігерге салады. Күн сайын қолданған соң ұяшық кеңейіп, қозғалып, іші шаңға толуы да мүмкін.
Экран, батарея және қуаттау ұяшығы — ұялы телефонның кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін негізгі элементтер. Біз оған әйнек пен қабын қосамыз. Бұл екеуі телефонның қорғаныш құралы саналады. Бесеуінің бағасын біліп, Қазақстанда ұялы телефонды жөндеуге қанша қаржы қажет екенін есептедік.
Ең жоғары баға Алматыда екен. Мұнда экран ауыстыру құны 15 000 — 220 000 теңге аралығында, ал кейбір модельдер үшін 340 000 теңгеге дейін жетеді. Аккумулятор ауыстыруға 5 000 — 80 000, қуаттау ұяшығын жаңартуға 4 000 — 70 000, әйнекке 1 000 — 8 000 теңге төлейді. Телефон қабының құны 15 000 теңгеге дейін барады. Егер шебер ұялы телефоныңызды қарап, қандай жөндеу жұмыстары қажет екенін айтып берсе 5 000 теңге сұрайды, бірден жөндеуге келіссеңіз кеңес беру тегін. Жөндеу қызметінің орташа ақысы — 196 000 теңге.
Астанада дисплейді 15 000 — 180 000 теңгеге, батареяны 8 000 — 50 000 теңгеге ауыстырып береді. Ал телефон ұяшығын ауыстыру ақысы 4 000 — 40 000 теңге аралығында. Әйнек пен телефон қабының бағасы Алматымен шамалас. Елордада 24/7 қызмет көрсете беретін шеберлер де бар. Олар мекенжайға барып-ақ жөндеуге әзір. Жөндеу жүргізген шебер тегін диагностика жасап, бір жылдық кепілдік береді. Бес қызметтің бағасы 160 000 теңгеден сәл жоғары.
Шымкент қаласында дисплейді 15 000 — 150 000 теңгеге ауыстырып береді. Бағалы ұялы телефондардың экранын ауыстыру қызметі 50 000 теңгеден басталады. Аккумулятор бағасы 8 000 — 70 000 теңге, қуаттау ұяшығы 10 000 — 50 000 теңге, әйнек 1 500 — 7 000 теңге, қабы 1 500 — 6 000 теңге аралығында. Қосалқы бөлшек арзанға түссе, оның түпнұсқа болмағаны. Ал ауыстыру жұмысының құны сол күйі сақталады. Барлығын ауыстыруға шамамен 160 000 теңге керек.
Атырау мен Ақтау қалаларында қызмет құны шамалас. Екі қалада телефонды толық жөндеуден өткізу үшін 121 500 және 113 000 теңге қажет. Ақтау қаласында ұялы телефондардың соңғы нұсқаларын жөндеу бағасы төмен, ал ескі модельдің қосалқы бөлшектерін ауыстыру қызметінің құны жоғары. Аккумулятор мен қуаттау ұяшығының бағасы екі қалада да 5 000 — 40 000 теңге аралығында. Ал оны ауыстыруға 3 000 теңге төлейді. Экранына әйнек жабыстыруға 1 000 — 8 000, қабын ауыстыруға 1 000 — 15 000 теңге қажет.
Ақтөбе, Тараз, Қонаев қалалары бағасы орташа өңірлер қатарына кірді. Мұнда телефонды жөндеуге орта есеппен 100 000 теңге жеткілікті. Ақтөбе қаласында дисплей ауыстыруға 50 000 — 60 000, батареяға 20 000 — 50 000 теңге төлейді. Алайда кейбір қосалқы бөлшекті 2-3 апта күтуге тура келеді. Тараз қаласында экран ауыстыру бағасы өндірушіге қарай үш есеге дейін өзгеруі мүмкін. Ал Қонаев қаласында шамамен 10 000 — 100 000 теңге аралығында. Ақтөбе қаласында телефон қабы арзан, Таразда батарея ауыстыру тиімді.
Түркістан қаласында телефонның экранын орта есеппен 75 000 теңгеге ауыстырып береді. Қазір мұнда Android құрылғыларын жөндеу бағасы iOS-қа қарағанда төмен. Батарея ауыстыру қызметінің құны еліміз бойынша ең төмен. Бағасы 5 000 — 15 000 теңге аралығында. Сонымен бірге әйнек жабыстыру, телефонның қабын ауыстыру арзанға түседі.
Павлодар қаласында экранды орта есеппен 46 000 теңгеге, аккумуляторды 35 000 теңгеге ауыстырады. Бір ескерерлік жайт, экранның арзан және түпнұсқа нұсқасының арасындағы айырмашылық он есе болуы да мүмкін. Қуаттау ұяшығын ауыстыруға 4 000 — 35 000 теңге қажет. Баға ұялы телефон маркасына қарай өзгеріп отырады.
Өскемен, Көкшетау, Петропавл қалаларыда да баға бір-біріне шамалас. Экранның сапасы төмен көшірме нұсқасы шамамен 30 000 теңге, ал сапалы көшірмесі 50 000 теңге болса, түпнұсқаға ауыстыру қызметінің құны — 70 000 теңге. Айта кетейік, OLED экранының бағасы 120 000 теңгеге дейін барады. Ал батарея мен қуаттау ұяшығын ауыстыру құны төмен.
Қызылорда, Қарағанды мен Талдықорған қалаларында телефон жөндеу қызметінің орташа бағасы 84 000 — 88 000 теңге аралығында. Мұнда экранды 8 000 — 80 000 теңгеге, қуаттау ұяшығын 4 000 — 30 000 теңгеге ауыстыруға болады. Қызылорда қаласында экранды ауыстыру бағасы 20% төмен, ал аккумуляторды жаңалау құны қымбаттау. Сонымен бірге жергілікті шеберлер оларды ауыстырмау, 2 000-4 000 теңгеге қуаттау ұяшығын тазарту тиімді екенін айтады. Талдықорғанда телефон қабы арзан, ал түпнұсқасының бағасы 20 000 теңгеге жетеді.
Орал мен Қостанай қалаларында телефонды толық жөндеуге шамамен 80 000 теңге қажет. Егер модулі зақымданбаса экранын 15 000 — 40 000 теңгеге ауыстырады. Ұялы телефонның соңғы нұсқасын жөндегенде бағасы 70 000-80 000 теңгеге дейін өседі. Аккумуляторды ауыстыруға 25 000 теңге қажет. Сонымен бірге бұл қалаларда телефон қабын ауыстыру арзанға түседі.
Еліміз бойынша баға Жезқазған мен Семей қалаларында төмен. Ұялы телефонда толық жөндеуден өткізуге орта есеппен 66 000 — 68 000 теңге жеткілікті. Экранды ауыстыруға 10 000 — 45 000 төлейді. Қымбат телефонның экранын ауыстыруға 60 000 теңге жұмсайды. Батарея мен қуаттау ұяшығын ауыстыру бағасы 20 000 — 25 000. Ал ескі телефондарның дәл осы қосалқы бөлшегін 5 000 — 15 000 теңгеге ауыстырады. Диагностика қызметінің бағасы — 3 000 — 5 000 теңге. Еліміздегі орташа баға осы. Алайда телефонда жөндетер болса, бұл қызмет бәрінде төмен.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын верификациялауға қатысты талаптар енгізілді.
ІІМ ұрланған телефондарды сатып алғаны үшін жауапкершілік бар екенін ескертті.