17:23, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстан Қарулы Күштерінің дамуын оң бағалауға болады
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгінде әлемнің көптеген мазасыз ошақтарында болып жатқан қарулы қақтығыстар мен шиеленістер біз үшін қауіпті ме және олар Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігі пен қорғаныс саясатына қалай әсер ете алады?
Осы және басқа да мәселелер төңірегінде Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының (ӘСЗО) президенті, саясат ғылымдарының докторы, запастағы полковник Сергей Федосеев әңгімелейді. - Сергей Геннадьевич, біздің еліміздің әскери қауіпсіздігінің ахуалы қандай? - Әскери қауіпсіздік объективтік алғышарттардың жоқтығымен, саяси және басқа мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстанға қарсы қандай да бір мемлекеттің әскери күш қолдану ықтималдығының төмен деңгейде сақталуымен сипатталады. Дегенмен, әлемдік экономикалық дағдарыс әскери-саяси ахуалды сәл қиындатып, милитарландыру үдерісін қарқындатып келеді. Мәселен, ӘСЗО жақында қаржы дағдарысы жағдайында жетекші әскери державалардың қорғаныс бюджеттерінің өзгеруін анықтау мақсатында ақпараттық-сараптамалық мониторинг өткізді. Зерттеулер нәтижесі таңғаларлықтай болды. Ішкі проблемалар мен экономикалық дағдарысқа қарамастан, АҚШ, Батыс Еуропа елдері, Ресей мен Қытай қорғаныс пен әскери қауіпсіздік шығындарын барынша өсіруді жалғастырып келеді. Соған байланысты тиісті ұсынымдар еліміздің әскери-саяси басшылығының назарына жеткізілді. Қандай жұмыс атқарылды дегенге келсек, біздің еліміздің егемендігі мен аумағының тұтастығын сақтау мақсатында әскери қауіпсіздік пен қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетті бірлесіп орындай алатын күштер, органдар құрылғандығын атап өткен жөн. Олардың қызметі ортақ мақсатқа, міндеттерге бағыталған нормативтік құқықтық базаға және әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ортақ қағидаттарына негізделіп, басқарудың бірыңғай құрылымында жүзеге асады. Бұл күштердің, қаражат пен органдардың жиынтығы ҚР әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі болып табылады. Ол ? елімізде әскери қауіпсіздікті және қорғанысты қамтамасыз ету саласында қабылданған тұжырымдамалық көзқарастар мен доктриналық құрылымдарды жүзеге асыруға бағытталған мәнді, әрі бірден-бір мемлекеттік тетік. Бұл мемлекеттің алғашқы маңызды міндеті екендігі сөзсіз.Қазіргі заманда әскери қауіпсіздік жүйесінің болжамдық-сараптамалық қызметін күшейту қажет. Олай болмаса, біздің еліміз қауіпсіздік тұрғысынан қауіп-қатерлерге дер кезінде төтеп бере алмайды. - Демек, сарапшылар мен ғылым әскери қауіпсіздік саласына мейілінше кеңінен тартылуы керек деп пайымдайсыз ғой? - Дәл солай. Менің ойымша, отандық әскери ғылымдардың нәтижелері мен жетістіктері мемлекеттің қорғаныс саясаты мен әскери құрылыстың негізіне енуі тиіс. - Сіз басшылық ететін Орталық еліміздің әскери қауіпсіздігі мен қорғаныс жүйесін нығайтуға қаншалық үлес қосып отыр? - ӘСЗО әскер саласында ғылыми-техникалық прогрестерді қамтамасыз ету және мемлекеттің әскери қауіпсіздігі жүйесін жетілдіру жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар мен ұсынымдарды жасау мақсатында Үкіметтің қаулысымен құрылды. Біздің орталық еліміздің жоғары әскери-саяси басшылығын сапалы ғылыми-зерттеу және сараптамалық өнімдермен қамтамасыз етеді. Орталықтың күш-жігері әскери қауіпсіздік және қорғаныс саласында ұлттық мүдделер негізінде болуы мүмкін қауіп-қатерлерге жалпылама сараптамалар мен тұрақты мониторинг өткізуге бағытталған. Сонымен қатар, өзекті зерттеу бағыттарының бірі ? жетекші әскери державалардың Қарулы Күштерді құру, дамытудағы алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибелерін зерттеу болып табылады. Жалпы алғанда, әскери-стратегиялық зерттеулер саласы қарулы шиеленістер белсенділік танытып келе жатқан қазіргі заманда өте қажет. Әскери құрылыстың қазіргі заман кезеңінде ҚР Қарулы Күштеріне қойылатын талап әскерді қуатты, әрі тиімді ұйымға трансформациялау мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес арта түспек. - Қазақстанның заманауи Қарулы Күштерін қалай бағалайсыз? - Қазақстандық әскерде бәрі жақсы деуге әлі ерте сияқты. Дегенмен, еліміздің әскери-саяси басшылығы әскерде жағдайды жақсарту жөнінде тиісті шараларды қолға алуда. Мәселен, Қазақстан Республикасының жаңа Әскери доктринасын жүзеге асыру мақсатында Қорғаныс министрі Даниал Ахметовтің бастамасымен 2007 жылдың өзінде Қарулы Күштерді жүйелі өзгерту және жаңғырту басталды. Әскерді жүйелі өзгерту мақсаты ? құрамы мен құрылымы жөнінде теңдестірілген, қазіргі заман қауіп-қатерлеріне бағытталған және әскери мүмкіндіктердің жоғары деңгейін меңгерген Қарулы Күштер құру. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету бірыңғай мемлекеттік саясатты құру және жүзеге асыруды, биліктің барлық тармақтары мен органдарының күш-жігерінің бірігуін, бөлінетін күштер, қаражат пен ресурстардың тиімді жұмсалуын талап ететінін білесіз. Мемлекеттің әскери ұйымына деген негізгі талаптарды анықтау ? ең қиын ғылыми-тәжірибелік міндеттердің бірі. Жалпы алғанда, Қазақстанның Қарулы Күштерінің келешекте одан әрі дамуын оң бағалауға болады. - Сұхбатыңызға рахмет!