Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті сайланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Рафаэль Гарибян Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті қызметіне сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті сайланды
Фото: pflk.kz

Бұл шешім Қазақстан кәсіпқой футбол лигасына мүше клубтар өкілдерінің ұйғарымы бойынша қабылданды.

Алматыда дүниеге келген Рафаэль Гарибян «Цесна» клубында тәлім алды. Еліміздің жасөспірімдер құрамасында ойнады. Халықаралық бизнес университетін «менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. 2009 жылы «спорттық менеджмент және бизнес футбол» мамандығы бойынша магистр дәрежесіне ие болды.

Ол менеджерлік мансабын «Цесна» клубында бастады. Аталмыш клубта балалар мен жасөспірімдер футболының коммерциялық стратегиясын жүзеге асырды. «Қайрат» футбол клубында маркетинг және стратегиялық даму жөніндегі директор лауазымында жұмыс тәжірибесі бар. Сондай-ақ «Қайрат» клубында спорт директоры, «Қайрат-Мәскеу» клубында басшы, «Шахтер» командасында әкімшілік қызмет атқарды.

Кейінгі уақытта Қазақстан футбол федерациясының техникалық директоры қызметін атқарды.

Бұған дейін ҚКФЛ президенті қызметін атқарған Рохус Шох бүгіннен бастап аталған лиганың президенті кеңесшісі қызметіне ауысады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан кубогының ширек финалына шыққан барлық команда белгілі болды.