Қазақстан қатысқан United Cup турнирінің жеңімпазы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Аустралияда Қазақстан құрамасы қатысқан United Cup турнирінің жеңімпазы анықталды.

Қазақстан қатысқан United Cup турнирінің жеңімпазы анықталды
Фото: freepik.com

Финалда АҚШ және Польша командалары бас жүлдені сарапқа салды. Алдымен әлемнің 3-ракеткасы, америкалық Кори Гауфф рейтингіде екінші орында тұрған Ига Швентекті 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Бұдан кейін әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Тейлор Фриц аса тартысты матчта рейтингіде 16-сатыдағы Хуберт Хуркачты қапы қалдырды - 6:4, 5:7, 7:6 (7:4).

Осылайша, 2:0 есебімен жеңіске жеткен АҚШ құрамасы 2025 жылғы United Cup жарысының чемпионы атанды.

Польша теннисшілері екінші жыл қатарынан финалда ұтылып қалды.

Осы аралас командалық жарысқа екінші рет қатысқан Қазақстан құрамасы жартылай финалға дейін жетті. Онда Польшаға жол берді. Ширек финалда қазақстандықтар өткен жылғы чемпион Германияны ұтты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының United Cup турнирінің финалынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик жаңа маусымды Аделаида турнирінен бастайды.

Соңғы жаңалықтар