Қазақстан кемелеріндегі мамандардың 40 пайызы шетелдіктер

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстаның теңіз флотында жүрген кәсіби мамандардың 40 пайызы шетелдіктер. Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тілепов Орталық коммуникациялар қызметінде  осындай дерек келтірді.

Маңғыстау кемесі
Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

«Саладағы кадрлық әлеуетке келетін болсақ, отандық теңіз флотының жүзу құрамында 1,5 мыңға жуық теңізші бар. Оның 900-і Қазақстан азаматтары, 600-і шетелдіктер. Жалпы теңіз көлігі кадрларына қажеттілік шамамен 200 адамға тең. Теңіз көлігі мамандарын екі жоғары оқу орны даярлайды – Қазақстан-Британ техникалық университеті жанындағы Қазақстан теңіз академиясы және Ш.Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университеті», - деді ол.

Комитеттің анықтама мәліметі бойынша, 2020 жылы теңіз мамандықтарының оқу ақысы 636 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін қымбаттатылған. Қазақстан-Британ техникалық университеті енді оны 2,5 млн теңгеге дейін көтеруді сұрап отыр. Комитет Ғылым және жоғары білім министрлігіне осы ұсынысты қолдап хат жолдап отыр.

Соңғы жаңалықтар