Қазақстан киелі орындарды қорғауға әрдайым баса мән береді – Мәулен Әшімбаев
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан БҰҰ-ның Діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарын қолдайды. Бұл туралы елордада БҰҰ-ның қолдауымен діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия барысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.
Айта кетейік, БҰҰ Өркениеттер альянсы бағытында діни нысандарды қорғау жөнінде арнайы сессия Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі аясында ұйымдастырылып отыр.
Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев арнайы сессияға қатысушыларға ілтипат білдіріп, Альянс бүкіл адамзат үшін халықтар, мәдениеттер және діндер арасындағы диалогты жолға қоюда маңызды миссия атқарып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Ұйым 20 жыл ішінде экстремизмнің алдын алуға, діни кемсітушілікке қарсы күреске және бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосқанына баса мән берілді. Хатшылық басшысы Діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия былтырғы қарашада Португалияда өткен БҰҰ Өркениеттер Альянсының 10-шы Жаһандық форумының логикалық жалғасы екенін және бұл бастама адамзатты алаңдатқан өзекті мәселелер мен оларды еңсеру жолдарын қамтығанын да тілге тиек етті.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, төзімділік пен ашықтық қасиеттерін қабылдады. Сондықтан «бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты еліміздің негізгі ұстанымына айналды. Біздің жерімізде ғасырлар бойы әртүрлі діни ғибадатханалар мен рухани нысандар бейбіт жағдайда қызмет көрсетіп келгені тарихтан белгілі. Бұл құндылықтар алдағы уақытта да мәдени мұрамыздың ажырамас бір бөлшегі болып қала береді. Батыс пен Шығыстың түйіскен тұсында орналасқан Қазақстан ежелден халықтарды, мәдениеттер мен діндерді байланыстыратын географиялық және өркениеттік көпір рөлін атқарып келеді. Киелі орындардың барлығы біздің халықтарымыздың тарихында маңызды орын алады. Оның бәрі біздің баға жетпес рухани-мәдени мұрамыз. Сондықтан оларды сақтауға және қорғауға әрдайым баса мән береміз», – деді М. Әшімбаев.
Сенат төрағасы өз сөзінде Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының 2023 жылғы Конфессияаралық диалог және өшпенділік тіліне қарсы іс-қимыл туралы қарарын, сондай-ақ, БҰҰ-ның Діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарын қолдайтынын атап өтті.
Атап айтқанда, бүгін елордадағы ашық диалог аясында дін көшбасшылары мен мемлекет қайраткерлері киелі нысандардың және ғибадат орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін келісілген тәсілдерді жасақтау жөнінде пікір алмасты. Сессияға қатысушылар әлемнің көптеген аймақтарында ғибадат орындары мен қасиетті жерлерге қатысты қауіптің арта түскеніне алаңдап отыр. Бүгінде вандализм, қасиетті нысандарды қорлау және діни төзімсіздік салдарынан туындаған зорлық-зомбылық әрекеттерінің көбейгені жасырын емес. Мұндай ахуал халықаралық қауымдастықтың жедел және үйлесімді жауабын талап етеді. Осыған байланысты діни ұйымдар, мемлекеттер және халықаралық құрылымдар арасындағы жаһандық серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ, киелі орындарды қорғаудың тұрақты құқықтық және институционалдық тетіктерін әзірлеуге қатысты бірыңғай үндеу жасалды.
Сессияға қатысушылар қасиетті нысандарды қорғау бүкіл әлемдік қауымдастықтың ортақ жауапкершілігі екенін де баса айтты. Іс-шарада Съезд толеранттылық пен өзара сыйластық идеяларын дәріптеу үшін рухани және саяси көшбасшылар күш біріктіретін бірегей алаң екені де сөз болды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос Қазақстанның жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы батыл қадамдарын жоғары бағалады. Арнайы сессияда Мигель Анхель Моратиностың басшылығымен әзірленген БҰҰ-ның Діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспары таныстырылды.