Қазақстан Кипр арқылы Еуроодақтағы сенімді әріптес тапты - Эрато Козаку-Маркулли

АСТАНА.  3 сәуір. ҚазАқпарат - Күні кеше елімізге қысқа мерзімді ресми сапармен Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Эрато Козаку-Маркулли келді. Сапар бағдарламасының тығыз болғандығына қарамастан ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген министр екі елдің арасындағы қарым-қатынастарға тоқталып, Еуроодақтың болашағына қатысты өз пайымын білдірді.
None
None

- Министр ханым, Сіздің Қазақ еліне сапарыңыз барысында бірқатар кездесу өтіп, маңызды екіжақты құжаттарға қол қойылды. Сіз өзіңіздің Қазақстанға сапарыңыздың нәтижесіне қанағаттандыңыз ба?

- Әрине, сіздердің елдеріңізде болу мен үшін зор қуаныш әрі Қазақстанға сапарлаған Кипрдің алғашқы сыртқы істер министрі болу құрметінің маған дөп келгеніне ризамын. Менің бұл сапарымның біздің елдердің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауына 20 жыл толуы аясында өтуінің де нышандық мәні бар. Біздің елдердің арасындағы ынтымақтастықтың 20 жылы ішінде белгілі бір келісімге қол жеткізіліп, достыққа негізделген екіжақты қарым-қатынастың дамуы нақты қарқынға ие болды. Менің бұл сапарым біздердің мемлекет басшыларымыздың бір-бірімен кездесуі барысында берген уәделерінің, келісімдерінің жүзеге асырылуына жаңа екпін береді деп  айтсам да болады.

Менің сапарым қысқа болуына қарамастан, оның бағдарламасы маңызды кездесулерге толы болды. Өте маңызды екі келісімнің қол қойылуы да бұл сапардың ерекше артықшылығын көрсете түседі. Оның біріншісі - Кипр мен Қазақстан Сыртқы істер министрлері арасындағы ынтықмақтастық және консультациялар туралы хаттама. Ал екіншісі - Кипрдің Білім және мәдениет министрлігі мен Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Мен Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановпен, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловпен, Экономикалық даму және сауда миинстрі Бақытжан Сағынтаевпен және Қаржы министрі Болат Жәмішевпен кездестім. Мен үшін Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедпен кездесу де зор маңызға ие. Жоғарыда атап өткен барлық кездесулер бейінді министрліктер бағытындағы біздердің ынтымақтастығымыздың дамуына қосымша серпін береді деп санаймын әрі ендігі уақытта ынтымақтастығымыз бұдан да қарқынды дамып, айтарлықтай практикалық сипатқа ие болатындығына үміт артамын.

Айта кетерлігі, сіздердің Білім және ғылым министрліктеріңізбен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою аясында жоғары оқу орындарымыздың дипломдарын өзара тану туралы келісімді рәсімдеу мәселесі қозғалды. Бұл Қазақстанның да, Кипр жастарының да білім алуға құлшынысын оятады әрі олардың біздің елдерімізде білім алуына, сонымен қатар екі халықтың мәдениеті мен қонақжайлығымен жан-жақты танысуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Жалпы Кипр мен Қазақстанда білім беру деңгейі өте жоғары. Дегенмен Кипр Еуропалық одақтың мүшесі әрі бұл қоғамдастықтағы барлық елдерге ортақ білім беру талаптарына сай оқытады. Меніңше, бұл сіздердің жастарыңыздың Кипр арқылы еуропалық біліммен сусындауына жол ашады. Сондай-ақ біздерде қаржы және бизнес менеджмент саласында қазақстандық студенттерге білім бере алатын мемлекеттік және жеке университеттер бар. Туризм саласында да жоғары сапалы білім бере алатындығымызды ерекше атап өткім келеді.

- Туризм демекші, Сіздің елде бұл саланың қарқынды дамығандығын әрі ұлттық кірістің басым бөлігін құрайтындығын білеміз. Осы ретте Кипр Кеден одағының басымдықтарын пайдаланып туризм саласын инвестициялауға дайын ба деген сауал туындап отыр

- Дәл осы 2 жағдайдың өте маңызды екендігінде дау жоқ. Біз туризм министрі мен инвестицияға жауапты министрлер арасында сапар алмасуға ұсыныс жасадық әрі екі тарапта да бұл мәселелерді кеңінен талқылау үшін сапарларды жүзеге асыруға құлшыныс бар. Өздеріңіз білетіндей, Кипрде туризм үшін тарамдалған инфрақұрылымы бар әрі біз жыл сайын шамамен 3 млн. турист қабылдаймыз. Мәселен, соңғы 3 жылдың ішінде ресейлік туристер тасқыны 3 есеге ұлғайып отыр.

Жалпы Кипрде жеріміздің сұлу табиғатының, 11 ғасырларға тиесілі мол тарихи мұрамыздың арқасында көптеген туристік нысандар бар. Бізде туристерді өзіне тартатын әрі Кипрдің бай мұрасын көрсететін археологиялық мұралар мол. Сондықтан да туризм саласында білім беруде өзара тиімді ынтымақтастыққа жол ашылса оңды болар еді.

- Туризм мәселе қозғалғаннан кейін тағы бір сауалдың ұшы шығып тұр. Кипр тарабында қазақстандықтар үшін визалық режімді жеңілдету жоспары бар ма?

- Біз Мәскеудегі өз елшілігіміз арқылы Қазақстанға жалпыұлттық қазақстандық төлқұжат иелері үшін Кипр визалық режімді жеңілдету мүмкіндіктерін қарастыра алатындығын хабарлаған болатынбыз.  Біз осы мәселені барынша тыңғылықты қарастыру үшін қолымыздан келген мүмкіншіліктерді жасайтын боламыз. Сонымен қатар Мәскеудегі Елшілігіміздің визаны жеңілдетілген режімде беруге қажетті барлық техникамен жарақтанғандығын ерекше атап өткім келеді.

- Қазақстанда Кипр Республикасының Елшілігін ашу жоспарланып отыр ма?

- Жалпы Қазақстандағы Кипрдің дипломатиялық өкілдігін ашу туралы саяси шешім біздің Үкіметтеріміздің арасында 2010 жылдың ішінде-ақ қабылданған болатын. Бірақ та бүкіл Еуропа елдерінде байқалып отырған дағдарыстың салдарынан бұл шешімді жүзеге асыру тоқтатылған еді. Менің ойымша, ағымдағы жылдың ішінде бұл шешім толығымен қабылданады және 2013 жылы Орталық Азияның барлық елдері үшін өзінің қызметін жүзеге асыратын Елшіліктің Астанада ашылатындығы туралы айтсам да болады.

- ҚР Сыртқы істер министрлі Ержан Қазыхановпен кездесуіңіз барысында Сіз Қазақстан Кипр арқылы Еуроодақтағы сенімді әріптес тапты деп атап өттіңіз. Бұл Кипрдің Қазақстанды ЕО-да қолдайтындығын білдіре ме және Еуроодақтағы сіздердің төрағалықтарыңыздың басымдықтары қандай болмақ?

- Ия, қазақстандық әріптесіммен кездесу барысында мен дәл осылай дедім, әрі бұл сөзімді жария түрде тағы да қуаттаймын. Өйткені  Кипр Қазақстанды сенімді, достыққа мығым ел ретінде бағалайды әрі біздер арқылы елдеріңіз Еуропалық одақта қолдауға ие болады. Біз еліміздің осы жылдың екінші жартысында Еуроодақтың төрағалығы қызметін өзіне алатындығын зор мәртебе санаймыз.

Ал енді басымдықтарға келер болсам, Еуроодақта мирасқорлық ұстанымы әрекет етеді, яғни төрағалық ауысқанда күн тәртібі қоса беріледі. Әрбір ел төрағалыққа ұлттық мүдде деңгейінде ғана емес, сонымен бірге мемлекет орналасқан өңірдің мүддесі деңгейінде өз үлесін қосады. Сондықтан да біздің төрағалығымыздың негізгі басымдықтары дағдарысты еңсеру, экономикалық даму және еуропалық азаматтардың әлеуметтік даму мәселелері болады. Сондай-ақ Солтүстік Африкамен, Таяу Шығыспен және «араб көктемі» елдерімен қарым-қатынастарды жағымды аяда қайта қарастыру біздің төрағалығымыздың тақырыбы болмақ. Өңірлік көріністегі осы мәселелердің барлығы да біз үшін өте маңызды.

- Еуропаның болашағына қатысты көзқарасыңыз қандай?

- Бұл өте маңызды сауал. Еуропа әлі де болса өзінің кеңеюі кезеңінде тұр, оның ішінде балқан блогы арқылы да. Біз ЕО-ға төрағалық ету барысында Еуродақты тек қана балқан елдері есебінен ғана емес, сонымен бірге Еуроодақтың саяси әрі экономикалық өлшемдеріне сай келетін басқа да елдер есебінен кеңейтуге барымызды саламыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар