Қазақстан Қысқы Олимпиадаға қанша лицензиямен барады

АСТАНА.KAZINFORM – 2026 жылғы XXV қысқы Олимпиада ойындарының басталуына аз уақыт қалды. Италияның Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін дүбірлі додаға Қазақстан құрамасының қалай дайындалып жатқаны белгілі болды.

2026 жылғы қысқы Олимпиадаға қалай билет сатып алуға болады
Фото: ҰОК

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының қоғаммен байланыс бөлімінің өкілі Тұрлыжан Әйтеновтің айтуынша, дәл қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 23 лицензия бар.

– Қазір ұлттық құраманың еншісінде 23 лицензия бар. Оның 2-еуі - мәнерлеп сырғанаудан, 9-ы – шорт-тректен, 12-сі – конькимен жүгіруден. Қалған спорт түрлері бойынша іріктеу әлі жалғасып жатыр, – деді ол Jibek Joly телеарнасының «Bugin LIVE» бағдарламасында.

Оның айтуынша, лицензиялық турнирлердің басым бөлігі қаңтар айының соңына дейін аяқталады. Соның нәтижесінде Қазақстан жалпы 90-ға жуық лицензияға қол жеткізуі мүмкін. Алайда Олимпиадаға баратын спортшылар саны лицензиядан әлдеқайда аз болады.

– Бір спортшы бірнеше қашықтықта немесе бірнеше дисциплинада өнер көрсете алады. Мысалы, шорт-тректе 4 спортшы барып, 9 лицензияны пайдаланады. Сондықтан шамамен 30–35 спортшы Олимпиадаға аттанады деп жоспарлап отырмыз, – деді министрлік өкілі.

Тұрлыжан Әйтенов 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиадамен салыстыра отырып, одан кейін шетелдік кеңесші мамандарды да тартқанын атап өтті. 

– Бейжің Олимпиадасында 30-дан аса спортшы қатысқанымен, лицензия саны 7 ғана болды. Өкінішке қарай, жүлдесіз оралдық. Қазір басты мақсат – көбірек спортшы қатыстыру емес, сапаға жұмыс істеу, кем дегенде бір медаль алу. Қай спорт түрі қай елде жақсы дамыса, сол елден мамандар шақырылды. Олар күнделікті жаттығу процесіне тікелей қатысып жатыр, – деді ол.

Министрлік өкілінің айтуынша, биатлон, шаңғы жарысы, фристайл-могул және фристайл-акробатика секілді спорт түрлерінен лицензиялық іріктеу әлі аяқталған жоқ. Әлем кубоктары біткен соң халықаралық рейтинг жарияланып, үздік спортшылар Олимпиада жолдамасын алады.

Ал ұлттық құрамалардың дайындығы маусым бойы Еуропада өтетін әлем кубоктары арқылы жүргізіледі. Олимпиадаға спортшылар жарыс басталардан бір апта бұрын барып, жергілікті климатқа бейімделеді.

– Барлық құрамалар оқу-жаттығу жиындарымен, тестілік жарыстармен қамтамасыз етіледі. Әр командамен бірге дәрігер, массажист, психолог жұмыс істейді. Бұл жүйе толық жолға қойылған, – деді министрлік өкілі.

Айта кетейік, мемлекет тарапынан Олимпиада жүлдегерлеріне қомақты сыйақы қарастырылған. Алтын медаль үшін – 250 мың доллар, күміс үшін – 150 мың доллар, қола жүлдеге – 75 мың доллар төленеді. Тіпті 5-орынға дейін ынталандыру сыйақысы бар.

Дүбірлі дода 6-22 ақпан аралығында өтеді. 

Бұған дейін билеттерді қайдан және қалай сатып алуға болатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар