Қазақстан-Қытай қатынасы: аймақтық интеграциядан экономикалық серпінге дейін

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мемлекет басшысының Қытайдағы бес күндік сапары басталады. Президент алдағы күндері Тяньцзинь қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ШЫҰ плюс» жиынына қатыспақ. Кейін Бейжіңдегі Қазақстан–ҚХР Іскерлік кеңесінде сөз сөйлеп, Аспанасты елінің ірі компания жетекшілерімен кездесуі тиіс. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған шарада да мәртебелі мейман ретінде бойы көрсетеді деген жоспар бар. Kazinform тілшісі екі елдің қазіргі байланысы мен сапардың ықтимал нәтижесін талдауға тырысты.

Қазақстан-Қытай қатынасы: аймақтық интеграциядан экономикалық серпінге дейін
Коллаж: Canva / inbusiness.kz

Стратегиялық серіктестік

Қазақстан мен Қытай – сенімді стратегиялық серіктес. Алғашқы дипломатиялық қатынас орнаған 1992 жылдан бері саяси-экономикалық байланыс кезең-кезеңімен дамып келеді. Мысалы, 1995 жылы Қытай үкіметі ядролық держава ретінде Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік берсе, 1999 жылы екі мемлекет арасындағы шекара мәселесі толығымен шешілді. Кейін «Шанхай бестігі» шеңберінде қорғаныс саласындағы келісімдер, шекаралық аймақтағы қарулы күшті өзара қысқарту туралы мәміле нәтиже бергенін білеміз.

Кейінгі жылдары еларалық жоғары деңгейлі сапарлар жиіледі. Өткен жылы наурызда Президент Қытайға жұмыс сапарымен барса, шілдеде ҚХР Төрағасы мемлекеттік сапармен Астанаға келген болатын.

Касым-Жомарт Токаев и Си Цзиньпин
Фото: Ақорда

Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, маусым айында Си Цзиньпин ресми сапармен Қазақстанға табан тіреді. Енді, міне, араға бірнеше ай салып Президент Аспанасты еліне аяқ басып отыр.

Мұндай барыс-келіс жаңа жобалар мен сауда-саттық қарым-қатынасты өркендетіп отыр. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 30,1 млрд АҚШ долларын еңсерді: экспорт – 14,8 млрд АҚШ доллары; импорт – 15,1 млрд АҚШ доллары.

ҚХР
Инфографика: Kazinform

Экспорт өсімі мыс және мыстан жасалған катодтар (40,7%), уран (39,1%), ферроқорытпалар (44,4%), бағалы металдар мен концентраттардың (47,9%) үлесінде. Оған қоса, ядролық реакторлар, твэлдер, изотоптарды бөлуге арналған жабдықтар мен құрылғылардың тасымалы ұлғайғанын байқадық.

Десе де Қазақстан тасымалдайтын өнімнің негізі – шикізат – Қытайға кететін тауардағы үлес салмағы басым сала. Әлемдік практикада экономиканың тек бір бағытына ден қою ұзақмерзімді перспективада тиімсіз саналады. Сондықтан Үкімет табиғи ресурстардан бөлек өңдеу өнеркәсібін дамыту, шағын кәсіпкерлікті қолдау шарасын кешенді жүргізіп келеді. Бұл үшін Қытайдың технологиялық мүмкіндігін пайдалану негізгі шешімге айналған. Жеке сектор алыс елді араламай, логистикалық тиімділігі үшін озық техниканы көрші елден әкелуде. Оның үстіне еуропалық технологиямен сапа жағынан да, баға тұрғысынан да Қытаймен бәсекеге түсетін ел аз.

Қазір ҚХР бізге 20-ға тарта сауда бағыты бойынша өнім жеткізеді. Телефон аппараты, жеңіл автокөлік, есептеу машинасы, автомобильдерге арналған шанақ, жол және құрылыс техникасы автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер, тағы басқа керек-жарақпен қамтып келеді.

қхр
Инфографика: Kazinform

 

Постпандемия дәуірі немесе Қазақстан транзит хабына айнала ма?

Қазақ-қытай сауда байланысының жаңа тынысы COVID-19 пандемиясынан кейін басталғандай. Дәл сол кезеңнен бастап Қытайдың ірі онлайн-сауда платформалары қарқынды дами бастады. Елдегі шағын және орта бизнестегі тауалардың көбі көршіден келді, логистикалық жобалардың арқасында Қазақстан арқылы Еуропаға өтетін ҚХР өнімінің саны да сол кезден бастап артқан-ды.

Билік оң динамиканы одан әрі дамыту үшін шекарадағы барыс-келіс процедурасын жеңілдетіп, визасыз режим енгізді. Соның арқасында жүк тасымалы айтарлықтай өскен. Қазір Қытай-Еуропа бағытындағы транзиттің 80 пайызы Қазақстанды көктей өтеді.

Инфрақұрылым мен логистика саласындағы белсенділік ерекше назар аудартады. Қытайдың қатысуымен 200-ден астам жобаның басым бөлігі көлік, инфрақұрылым және өнеркәсіптік өндіріс салаларында шоғырланған. «Бір белдеу – бір жол» аясында Қазақстан көлік-логистикалық хаб ретінде айқындала бастады. Бұл өзгеріс қайта өңдеу әлеуетін нығайтатын сапалы өзгерістерге жол ашуда.

ҚСЗИ Азия зерттеулері бөлімінің аға сарапшысы Жадыра Әсетқызының пікірінше, Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі тартымдылығы – Қытай тарапының инвестиция құюына бірден-бір қозғаушы күш.

– Қазақстан тек шикізат жеткізуші емес, сонымен қатар Қытайдың еуразиялық стратегиясындағы инфрақұрылымдық және транзиттік хаб ретінде айрықша рөл атқарады. Мысалы, 2023 жылы Қытайдың уран импортының 60 пайызынан астамын Қазақстан қамтамасыз етті, бұл Қытайдың атом энергетикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Сонымен қатар жыл сайын Ресейден 10 миллион тоннадан астам мұнай Атырау-Алашанькоу мұнай құбыры арқылы Қытайға жеткізіледі. Бұған қоса, Қазақстан Қытайға мыс, ферроқорытпа, хром, астық және майлы дақылдар сынды шикізат тауарларын тұрақты түрде экспорттап келеді.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында негізгі транзиттік ел санатындамыз. Орта дәліз, яғни Қытайдан Еуропаға бағытталған балама көлік бағыты дәл осы Қазақстан арқылы өтеді. Бұл бағыттың дамуы Қазақстанның геосаяси салмағын едәуір арттыра түсті, – дейді сарапшы.

көлік-логистика
Фото: Үкімет

 

Қазақстан Қытаймен экономикалық байланыста осы транзиттік әлеуетті алға тартпақшы. Орта дәліздің қуатын арттырып, логистикалық табыстан үмітті. Оған себеп те жоқ емес. Бүгінде Қазақстанның көлік саласында айтарлықтай өсім бар. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен жылмен салыстырғанда жүк тасымалы 13,9%-ға, жүк айналымы 14,3%-ға ұлғайған. Теміржол, құбыр және теңіз көлігі бағыттарында қарқын жоғары. Бұл ішкі нарықтағы логистиканың деңгейі әрі онлайн сауданың әсерін білдіреді.

Осы орайда Қорғас халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын ерекше атаған жөн. Шекаралық сауда орны Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі позициясын бекітуде. Себебі Еуропа мен Қытай арасындағы саудада Қорғас стратегиялық маңызға ие. Бүгінде Қорғастан 18 елге 87 тұрақты маршрут қатынайды.

Президент Қазақстанның транзиттік хабқа айналуы үшін Орта дәліздің әлеуетін жетілдіру қажетін бұған дейін де айтты. Бұл бағыт Қытайдан басталып, Қазақстан арқылы Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия және ары қарай Еуропаға дейін созылады. Яғни, Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының ең қысқа әрі қауіпсіз жолы деуге негіз бар. Қазір мемлекет қолға алған жобалар толық жүзеге асса, Қытайдың жүгі Еуропаға 13 күнде жетпек.

Қытай аталған балама маршрутты толық қолданып келеді. 2020 жылдан бері Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 5,1 есеге көбейген. Өткен жылдың өзінде 4,5 миллион тонна жүк тасымалданды – 2023 жылмен салыстырғанда 62%-ға артық. Екіжақты келісім ұлғаятын болса, транзиттен түсетін табыс көбейетін күн жақын.

ШЫҰ: Саммитте не айтылады?

Президент сапарындағы маңызды шараның бірі – ШЫҰ жиыны.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – 2001 жылы құрылған көпвекторлы орта. Мұнда саясат, экономика, мәдениет, білім және ғылым-техника, аймақтағы қауіпсіздік, халықаралық тәртіп бағытындағы бірлескен жобалар жүзеге асады. Қазіргі таңда ұйымға Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь мүше. Екі бақылаушы мемлекет және 14 диалогтық серіктес бар.

Ұйымның әлемдік саяси аренадағы салмағы басым: ұйымға мүше тоғыз мемлекетте жаһан халқының 45%-ы тұрады; әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бірін иеленеді; әлемдік сауданың 15%-ы тиесілі. Осының бәрі ортақ келісімнің сыртқы-ішкі экономикалық қатынасқа айтарлықтай әсер ете алатынын көрсетсе керек.

Алдымен экономикалық көрсеткішке көз тастайық. Биылғы қаңтар-шілде аралығында Қытайдың Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдермен тауар айналымы 293,1 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға артқан болатын. Кейінгі бес жылда Қытай мен ШЫҰ елдері арасындағы сауда көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Тараптар арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 512.4 млрд долларға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға артты.

Есте болса, Қазақстан ШЫҰ-ға 4 рет төрағалық етті. Соңғысы 2023-2024 жылға тұспа-тұс келеді. Сол кезеңде жүздеген жоба жүзеге асып, жаһандық сын-қатерлер аясында жаңа тұғырнамалық құжат – Астана декларациясы қабылданған еді.

– Шанхай ынтымақтастық ұйымы – жай клуб емес, стратегиялық платформа. Бастысы, аймақтардың маңызын артыруға септесетін ұйым. 2021 жылы Душанбе декларациясында Орталық Азия ресми түрде «ШЫҰ негізі» деп аталды, бұл аймақтың ұйымның тұрақтылығы мен дамуындағы негізгі рөлін көрсетеді. Орталық Азия өңiрi ШЫҰ-ның тiрек өңiрi ретiнде ғана емес, өңiраралық iс-қимылдың драйверi ретiнде қарастырылады, – деді Жадыра Әсетқызы.

ШЫҰ
Фото: Синьхуа

 

Енді төрағалық тізгіні Қытайға тиген тұста ілгері даму одан әрі қарқын алатындай. Қытай ШЫҰ төрағасы ретінде саясат, қауіпсіздік, экономика және гуманитарлық салаларға арналған 100-ден астам кездесу мен іс-шаралар өткізеді. Биыл ШЫҰ аясында экономикалық байланыстардан тыс, мәдени-гуманитарлық, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту бағытында жобалар қолға алынады. Жалпы жыл ішінде 40-қа жуық кеңес өткізу жоспарланған. Оның алғашқы қадамын Тяньцзинь қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен «ШЫҰ плюс» шарасынан көретініміз анық.

– Қытайдың төрағалығымен 2025 жылғы негізгі саммит өтеді. Онда ұйымның 2035 жылға дейінгі дамуының цифрлық экономика, жасыл даму, көлік және гуманитарлық алмасу секілді салалардағы стратегиясы бекітілмек. Аталған стратегияның өзегі және қозғаушы күші Орталық Азия болатыны сөзсіз. Көшбасшылардың тақырып аясында айтатын әрбір ойы аймақтың экономикалық мүдделер мен стандарттарын қалыптастырады, – деді спикер.

ҚСЗИ Азия зерттеулері бөлімінің аға сарапшысы Жадыра Әсетқызының пікірінше, бастапқыда ШЫҰ-ның қызметі аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталса, қазір әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастыққа ойысып келеді. Сарапшы ұйымға мүше елдердің әлеуеті көп мүмкіндікке жол ашады деген ойда. Әсіресе Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммитіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы да ұйым келешегіне әсер етпек.

– ШЫҰ саммитінде және «ШЫҰ плюс» форматындағы кездесуде ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына, сондай-ақ «Тяньцзинь декларациясы» мен өзге құжаттар пакетіне қол қойылады деп күтіліп отыр. Шара барысында Президент бірнеше бағытта ұсыныс жасайтыны анық. Оның ішінде өңірлік инфрақұрылым мен логистиканы нығайту болады. Қазақстан ШЫҰ инфрақұрылымдық жобаларына инвестиция тарту үшін Астана қаржы орталығының рөлін күшейтуді ұсынып отыр. Сондай-ақ «Бір белдеу мен бір жол» және Орталық Азиядағы транзиттік логистикалық дәліздердің тағдыры да сөз болатыны белгілі, – деді сарапшы.

Белгілі болғандай Қытайдың Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалығының басты тақырыбы – «ШЫҰ-ның тұрақты даму жылы». Оның барысында екі маңызды құжат әзірлеу жоспарланған: Саммит Декларациясы мен ШЫҰ-ның келесі кезеңге арналған даму стратегиясы.

Жадыра Әсетқызы Қазақстан тарапынан көтерілетін мәселе мұнымен шектелмейтінін меңзеп отыр. Ол саммитте жаңартылатын энергия, экологиялық стандарттар, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, деректер алмасу, киберқауіпсіздік секілді тақырып қаузалатынына сенімді. Сонымен қатар гуманитарлық және білім беру ісі де қараусыз қалмайды.

– Білім беру және мәдени алмасу жобаларын іске асыруда Қазақстаның тәжірибесі мол. Мысалы, Luban Workshops және білім беру орталықтары сәтті жұмыс істеп жатыр. Кадрлар даярлау мен ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың жаңа бірлескен бағдарламаларына да бастамашы болып келеді, – дейді ол.

Тяньцзиньда өтетін саммитте ұйымның институционалдық дамуына мән берілетіні айдан анық. Алайда аймақтық қауіпсіздік, экономикалық интеграция және көлік-транзит байланыстары басты назарда болады деген болжам басым. Себебі Орталық Азия 2030 жылға қарай Қытаймен тауар айналымын 100 миллиард долларға жеткізуді мақсат еткен. Бұл орайда ШЫҰ-ның көмегінсіз нәтижеге жету оңай іс емес.

Соңғы жаңалықтар