Қазақстан-Қытай келісімі: 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы аясында 2,7 миллиард доллар болатын 10 жоба іске асырылу сатысында. Сонымен қатар 4,1 миллиард доллар көлеміндегі 8 жоба әзірленіп жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мәлім етті. 

Қазақстан-Қытай келісімі: 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Қазақстан мен Қытай индустриялық-инвестициялық ынтымақтастықты екіжақты негізде де тығыз дамытып келеді. Соңғы 30 жыл ішінде Қытай Қазақстан үшін ең ірі экономикалық әріптеске айналды. Екіжақты экономикалық қатынас ауыл шаруашылығынан бастап, минералдық ресурстар, көлік саласы, жоғары технологиялар мен энергетикаға дейінгі кең ауқымды салаларды қамтиды, — деді Әлібек Қуантыров «Орталық Азия — Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында.

Министр орынбасарының айтуынша, қазір Үкімет екіжақты бірлескен инвестициялық жобалар тізбесін кеңейту мәселесін пысықтап жатыр. 

— Қазір жалпы сомасы 14,75 миллиард АҚШ доллар болатын 47 жобаны қамтиды. 2015 жылдан бері жалпы құны 7,9 миллиард доллар болатын 29 жоба іске қосылды. Сонымен қатар жалпы сомасы 2,7 миллиард доллар болатын 10 жоба іске асырылу сатысында. Ал 4,1 миллиард доллар көлеміндегі 8 жоба әзірленіп жатыр, — деді ол.

Аталған ынтымақтастық тетігі 15 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай Қазақстан мен Қытай 25 млрд долларға 60 келісімге қол қойды.

Елордада «Орталық Азия — Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр. Форумға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Орталық Азия елдерінің делегациялары, қытайлық және өңірлік ірі компаниялардың, сондай-ақ даму институттарының басшылары қатысты. Форум аясында жалпы сомасы 10 миллиард АҚШ долларынан асатын 50-ден астам екіжақты және көпжақты құжатқа қол қойылды. 

Соңғы жаңалықтар