Қазақстан-Қытай шекарасындағы көлік-логистика мәселелері қаралды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Қазақстан-Қытай шекарасындағы көлік-логистика мәселелері талқыланды.

Қазақстан-Қытай шекарасындағы көлік-логистика мәселелері қаралды
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы/Kazinform

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған шараның басты тақырыбы — автомобиль өткізу бекеттеріндегі CarGoRuqsat электронды кезек жүйесінің жұмыс істеуі, сондай-ақ оны жетілдіру бойынша ұсыныстарды талқылау. 

Сала өкілдерінің мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері палатаға тасымалдаушылар мен логистикалық компаниялардан мемлекеттік шекарадағы қиындықтар туралы сұрақтар көбейген. Ондағы негізі мәселелерге — төмен өткізу қабілеті, техникалық ақаулар, жүйе жұмысының ашықтығы жатады. Бұл қиындықтар бизнес мүдделеріне ғана емес, сонымен қатар экономикалық қауіпсіздікке, қазақстандық тасымалдаушылардың, экспорттаушылардың бәсекеге қабілеттілігіне және елдің транзиттік әлеуетіне тікелей әсер етеді. 

Жиынға мемлекеттік органдар, өңірлік палаталар, салалық қауымдастықтар мен көлік компанияларының өкілдері қатысты.

Шараға қатысушылар «Нұр Жолы» және «Достық» өткізу бекеттеріндегі кезек мәселесі, өткізу қабілетінің шектеулері, экспорттық жүктің басымдықсыз өткізілуі, пайдаланылмаған слоттарды қайта бөлу және қытайлық тараппен жедел үйлестіру қажеттілігі сияқты мәселелерді талқылады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  логистика жане тасымалдау департаменті директорының орынбасары
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы/Kazinform

— Қолданыстағы жүйенің бірқатар кемшілігі айқындалып отыр. Нақты мысал, Қытай шекарасындағы кезекті брондаған тасымалдаушы басқа мемлекеттік шекара арқылы Ресей немесе Өзбекстан жағына өтетін болса, кезек алу мүмкіндігі шектеледі. Сонымен бірге бірқатар мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу бекеттеріндегі көлік құралдарын өткізу қаблеттілігі төмен екендігі байқалды. Осыған орай бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен, бизнес өкілдерінің қатысуымен ортақ мәмілеге келу мақсатында жиын ұйымдастырып отырмыз, — дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы логистика жане тасымалдау департаменті директорының орынбасары Қуаныш Ермұханов.

Ол сонымен бірге бұл мәселелерді шешудегі өз ұсыныстарын ортаға салды.

— Параллельді брондау механизмін қарастыру немесе бұрын берілген бронды тоқтата тұру, жалпы брондау слоттар санын көбейту, бұл өткізу бекеттерінің қабілеттілігіне қарай бөлінеді. Мысалы, бүгінгі таңда «Нұр Жолы» бекетінде тәулігіне 550 автокөлік құралы өтетін болса, бұл санды 1000 нан асыруға ұсыныс береміз — дейді ол.

Еске салайық, бүгін Президент Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көлік саласындағы кемшіліктер үшін Марат Қарабаевқа сөгіс жариялады

Соңғы жаңалықтар