Қазақстан Қытай туристері арасында ең сұранысқа ие 5 елдің қатарына кірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ҚХР туристерінің қонақүйлерді брондау өсімі бойынша топ-5 елдің қатарына кірді, деп хабарлайды «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Қайыңды
Коллаж: Kazinform

Қазақстан Қытайдың туристік нарығында өз позициясын нығайтып жатыр. Tongcheng Travel ірі онлайн-туристік компаниясының деректеріне сәйкес, біздің еліміз ҚХР-да Ұлттық күн мен Күздің ортасы мерекесін атап өтуге арналған 8 күндік демалыста халықаралық қонақүйлерді брондаудың ең жоғары өсімі байқалған 5 шетелдік бағытқа енді.

Биыл Қытайда шетелге ұзақмерзімді топтық турларға қызығушылық артып келеді. Олардың саны жылдық көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық өсті. Мереке күндері ҚХР туристері тарапынан Орталық Азия, Таяу Шығыс және Африканың бірқатар елінде халықаралық қонақүйлерді брондау едәуір көбейгені байқалады. Сұраныстың өсімі бойынша көшбасшылар бестігіне Сауд Арабиясы, Мысыр, Жаңа Зеландия, Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері кіріп отыр.

— Қазақстан Қытай аудиториясы үшін тартымды бағытқа айналып келеді. Биылғы 9 айда ғана елімізге ҚХР келушілер қатары 675 мыңнан асты. Ал өткен жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 655 мың адамды құраған болатын. Бұл — елімізге деген жоғары қызығушылықты және Қытайдың туристік нарығында елімізді ілгерілету, визалық рәсімдерді жеңілдету және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастарын кеңейту бойынша жүйелі жұмыстың тиімділігін көрсетеді, — деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.

Айта кетейік, ҚХР ірі іздеу жүйесі Baidu деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан жайлы ізденістер саны тәулігіне орта есеппен 420–430 мыңды құраған. Ең жоғары белсенділік Гуандун мен Чжэцзян провинцияларында, Бейжің қаласында, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында және Шандун провинциясында байқалды. Бұл Қазақстанға деген қызығушылық шекара маңындағы аумақтармен шектелмей, Қытайдың экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлерін де қамтығанын көрсетеді.

Бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, ішкі туризмді дамытудың ұлттық бағдарламасын қабылдауды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар