Қазақстан Қытай, Түркия және Еуропа елдеріне ет экспорттайды – АШМ вице-министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Қытай, Түркия және Еуропа секілді алып нарықтарға ет экспорттайтын болды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты. 

ет
Фото: Pixabay

«Атамекен» ҰКП съездалды жиыны кезінде Kazinform тілшісіне Азат Сұлтанов ет экспорттау мәселесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

«Етті экспорттау үшін біз әуелі ішкі нарықты қамтамасыз етуіміз керек. Содан артылғанын біз экспортқа шығарамыз. Біздің еліміздің шаруалары ішкі нарықты 96-100 пайыз көлемінде қамти алады. Қазір экспортқа жақын тұрмыз. Биыл Ресейге сиыр етін экспорттауға жол ашылды. Одан бөлек, Еуропамен келісімшарт дайын. Ол жаққа жылқы етін жеткіземіз. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрі Түркияға барып, келісім жасасып келді. Енді бізге Түркия нарығы да ашылып отыр. Қазір Түркістан облысындағы мал бордақылаумен айналысатын «Қайып ата» шаруа қожалығы Түркияға сиыр етін экспорттау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», - деді вице-министр. 

Спикердің айтуынша, еліміз бұрын Қытайға тек мұздатылған ет экспорттаған. Ендігі жерде жаңа сойылған мал етін ұшамен де жеткізу мүмкін болады. 

«Қытайға сиыр, жылқы және тауық етін жеткізу келісімшартына қол қойдық. Ол бұрын болмаған», - деді Азат Сұлтанов. 

Сондай-ақ спикер Түркия нарығы біздің елімізден ет асыруға 20 жылдай жабық болғанын айтты. 

«Ветеринарлық келісім болған жоқ. Сосын, Түркия да, Қытай да импорттайтын тауарларға қиын талаптар қояды. Енді олардың талаптарын біз түгел орындадық. Келісімшарттар жасалды. Министр Түркияға іссапармен барғанда еліміздің бірқатар компанияларының өкілдері бірге барған болатын. Солардың ішінде жоғарыда атап өткен «Қайып ата» шаруа қожалығының басшысы Сырым Ертаев та болды», - деді АШМ басшысының орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейін Азат Сұлтанов еліміздің базарларында импортталған ет сатылмайтынын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар