Қазақстан көкпаршылары әлем чемпионы атанды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласында өткен көкпардан әлем чемпионаты мәресіне жетті. Финалдық кездесуде Қазақстан құрамасы Өзбекстан командасын 9:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Қазақстан көкпаршылары әлем чемпионы атанды
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Шешуші ойында қазақстандық көкпаршылар жоғары шеберлік пен командалық үйлесімділік танытып, тартысты өткен бәсекеде басымдыққа ие болды.

Осылайша, ұлттық құрамамыз 9 жылдық үзілістен кейін қайта ұйымдастырылған әлем чемпионатында топ жарып, алтын жүлдені еншіледі. Екінші орын Өзбекстан командасының еншісінде, ал үздік үштікті ауғанстандық көкпаршылар түйіндеді. 

Көкпар
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Айта кетейік, халықаралық додаға әлемнің 9 елінен командалар қатысып, жүлде жолында өзара мықтыны анықтады. Олар: Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан.

Турнир барысында қазақстандық спортшылар барлық кезеңде тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, финалға сенімді түрде жеткен болатын.

Жарыс Дүниежүзілік Көкпар қауымдастығы мен Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы қолдауымен ұйымдастырылды.

Айта кетсек, көкпардан әлем чемпионаты соңғы рет 2017 жылы өткен еді.

Бұған дейін Түркістан қаласында өтіп жатқан көкпардан әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алған командалар белгілі болғанын жазғанбыз. 

Сондай-ақ бұдан бұрын Қырғызстанда өтетін көшпенділер ойыны тізіміне қазақтың көкпары енгенін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар