Қазақстан – Колумбия матчы: Зарина Дияс пен Жібек Құламбаева жеңіс нүктесін қойды
АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияның Брисбен қаласында теннистен Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан – Колумбия матчы аяқталды.

Бұл жолы жұптық сында Қазақстан құрамасы сапында Жібек Құламбаевамен бірге Зарина Дияс шықты.
Бұл олардың Билли Джин Кинг кубогы аясында алғаш рет бірге өнер көрсетуі еді.
Кеше Ж.Құламбаева мен Анна Данилина жұптық сында аустралиялықтар Сторм Сандерс пен Эллен Переске 3:6, 4:6 есебімен жол берген еді.
Алматы қаласында туып-өскен Жібек пен Зарина бүгін Юлиана Лисарасо – Мария-Паулина Перес-Гарсиямен ойында бірінші партияда айқын басымдылық көрсетті – 6:2.
Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте колумбиялық жұп брейк жасағанымен, қазақстандық дуэт іле-шала жауап қайырды – 4:4. Есеп 5:4 болғанда, Жібек пен Зарина үш матчболды мүлт жіберді. Есесіне колумбиялықтар күш алып кетті – 7:5.
Үшінші, шешуші сетте колумбиялықтар қос брейкпен алға кетті – 3:0. Дегенмен қазақстандықтар біртіндеп таразы басын теңестірді – 4:4. Ақыры алтыншы матчболын пайдалана білді – 6:4.
Осылайша, екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде қазақстандық жұп 1 эйспен бірге 15 брейк-пойнттың жетеуін өз есептеріне жазды. Колумбиялықтар 5 брейкпен (9 брейк-пойнт) шектелді.
Сөйтіп қазақстандықтар Колумбия құрамасын 3:0 есебімен жеңді.
Ұлттық құраманы қолдау үшін Брисбенге келген Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов осы жеңіске байланысты өз пікірін білдірді.
- Қазақстан әйелдер құрамасы өз тарихында үшінші рет ең беделді командалық турнирдің финалдық кезеңінде өнер көрсетеді. Біз бұдан бұрын 2022 және 2023 жылдары финалдық кезеңде ойнадық. Командалық әлем чемпионатына қатысу біздің команда мен барлық теннис жүйесінің жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Бұл – көп жылдық қажырлы жұмыстың нәтижесі, бұл біздің бағытымыздың дұрыс екендігін таныта түседі. Бұл табыс – тек мақтаныш қана емес, сонымен қатар елдегі жас теннисшілерді жаңа асуларға жетуге жігерлендіреді, - деді Б.Өтемұратов.
Ертең D тобында Аустралия мен Колумбия командалары өзара шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Колумбиямен матчта Юлия Путинцеваның Қазақстанды алға шығарғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина бастаған Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне шықты.
Билли Джин Кинг кубогында Юлия Путинцева рекордтық нәтижеге қол жеткізді.