Қазақстан командасы Жазғы Олимпиада ойындарында 6 алтын еншілейді - «USA Today» болжамы

None
None
АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат - Асылы, Американың емес, Алланың айтқаны болады. Әйтсе де, америкалық басылымның сарапшыларына «Аузыңа май, астыңа тай» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Жақында атақты америкалық басылым «USA Today» таяуда жазда ағылшын же­рінде өткелі отырған Бүкіләлемдік Жазғы Олимпия ойындарында Қазақстан командасы қанша алтын алатынына болжам жасады, деп жазады " Егемен Қазақстан" басылымы. Үнемі Олимпиада сынды халықаралық додалар алдында өз пі­кір­лерін білдіріп, болжам жасайтын басылым бұл жолы да қазақ жанкүйерлеріне жұбаныш сыйлайтындай жағымды жаңа­лығымен бөлісті. Аталмыш басылымның айтуынша, Лондон Олимпиадасынан Қа­зақ­стан командасы алты алтынмен қайта­тын көрінеді. Мұндайда тек «жақсы сөз - жарым ырыс» деген ескі тәмсілге сү­йе­неміз. Олимпиада алауы тұ­та­нып қойға­лы қашан. Олимп астанасы Грекия төрі­нен жалындап шыққан алау бүгінде Ұлы­британияның барлық қала­ларын жіпке тізіп жүр. Жарыс шілденің 27-сінде шы­мылдығын түріп, тамыз айы­­­ның 12-сіне дейін жалғасады. Лондон осы­мен үшінші мәрте мәртебелі жарысты өткізуші шаһар ретінде өзге қалалардан оқ бойы озық тұр. Естеріңізге сала кетсек, осы уақыт аралығына дейін 1908, 1948 жылдары ағылшын жерінде жаһан­дық көлемдегі жазғы ойындар өткен болатын.

Биылғы Олимпиадаға тоқталғанда, өткен жетістіктерімізді жіктеп, таңдау­лы­ларымызды тіземіз. Әр додаға аттанар алдында бұрынғыдан биік дәрежеде өнер көрсетуді мақсат етеміз. Мәселен, 2008 жылы Бейжіңде өткен соңғы Жазғы Олимпия ойындарында Қазақстан командасы бас-аяғы 13 медаль еншіледі. Нақ­тырақ айтсақ, ауыр атлетші Илья Ильин мен былғары қолғап шебері Бақыт Сәр­сек­баев алтыннан алқа тағынды. Одан бөлек 4 күміс және 7 қола медальды қор­жынға салдық. Осындай нәтижелерден кейін біз жалпыкомандалық бейресми есеп­те 29-орыннан табылдық. Бұл осы­ның алдында өткен Олимпия ойындарына қарағанда анағұрлым тәуір көрсеткіш болатын. Себебі, біз Афинада өткен Ойындарда 40-орынға тұрақтағанбыз.

Әзірге Қазақстан құрама команда­сы­ның Олимпиадаға алған жолдамалар саны 109-ға жетті. Дегенмен, қалған 3 ли­­цен­зиялық турнирлерде спортшыларымыз жолдамалар санын одан сайын арттырады деп үміттенеміз. Өйткені, жолдама саны көбейген сайын, мүмкіндік те жоғарылайды. Негізі, қазақ спортшылары үшін Олимпиада бағдарламасына кіретін барлық спорт түрлерінен жақсы өнер көр­сетіп қайтқаны да олжа. Ол қазақ спор­тының әлемдік рейтингтегі орнын өсіреді.

Жоғарыда «USA Today» басылымы­ның қазақ спортшыларына оң баға бер­гендігін айттық. Олар кімді меңзеп отыр? Америка басылымы айтқан алты спортшы кім? Сол тізімді қайта алдарыңызға жайып, талдап, таразылап пәтуа беретін америкалық басылымның назарына ілік­кен Алаштың алты спортшыларына тоқ­та­ла кетейік. Олар: ауыр атлетикадағы қос бұрымдымыз Майя Манеза мен Све­т­лана Подобедова, бокстан Серік Сәпиев, дзюдодан Максим Раков пен грек-рим кү­ре­сінен Алмат Кебісбаев, сондай-ақ үш қар­­­ғып секіру жаттығуынан Ольга Рыпакова.

Егер аты аталған алты спортшының барлығы тұғырдан көрініп жатса, алтын алатын қазақ спортшыларының саны алтаудан да артық шығуы мүмкін. Біздің ең олжалы қайтқан Сидней Олимпиадасында 3 алтын еншілегенбіз. Америкалық басылым Қазақстан командасы алты алтын олжалаған күнде бейресми есепте 24-ор­ын­­ға табан тірейді-міс депті. Дәл осы саты­ға біз 1996 жылы Атланта төрінде өткен Олимпиадада қол жеткіздік. АҚШ-та жеткен жетістігімізден тек Австралияда өткен Олимпиадада ғана артық шыққан едік.

Ең бастысы, осы жетістікті еселей түсуде. Бұрын-соңды Олимпиада алты алтын алып көрмеген Қазақстан үшін бұл болжам аспандағы айға қол созғанмен бірдей болып тұр. Еуропаның Сербия сынды елдері әлі күнге шейін алтын еншілеп көрмеген екен. Сондықтан алты алтын деуіміз асылық айтқандық емес, алдын ала тілекші сөз десек те болады.

Дегенмен, спорт саласындағы әрбір жарыстың нәтижесін саралап отырған ма­мандардың бұл сәуегейлігіне тек қолдау білдірген дұрыс секілді. Спортшы­лары­мызға да дәл осындай табысты тілей отырып, оларға жарыс алдына 6 алтын алу де­ген мақсат қойсақ та артық болмас. Бірақ, «арық айтып, семіз шығатын» бапкерлер мен спорт басшылары мұндай мақ­сат қойса, спортшылар үшін психо­логиялық қысым болуы тиіс екендігін де біледі.

Америка өз таңдауын жасады делік. Бірақ, «Аттың сыры иесіне мәлім дегендей», қазақ спортшыларының ішінде қай спортшының алтын алуға қаухары бар екендігін біз де жақсы білеміз. Мәселен, америка басылымы қазақтың ең басты үміті Илья Ильинді есепке алмай отыр. Сол секілді Светлана мен Майяның қата­рында Зүльфияны да ұмыт қалдырыпты. Жақында «Спорт экспресс» басылымына сұхбат берген орыстың әйгілі зілтеміршісі Александр Иванов: «Ильиннің Лондонда жеңіске же­те­тініне үлкен күдікпен қарай­мын. Әри­не, мен жеңіске жетемін деп отыр­ғаным жоқ. Бірақ оны жеңетін бір атлеттің шы­ға­ты­нына сенем. Ал өз басым, Ильинді мық­ты спортшы деп санамаймын. Ол спортшы ретінде өте дөрекі. Техни­ка­лық дайын­дығы да нашар. Есесіне украи­на­лық Артем Ива­новтың көтергендері әдемі», - депті. Спортшылар арасында мұндай қыз­ғаныш сезімдердің қылаң беріп тұратыны түсінікті. Әйтпесе, Париж төрінде Александр Иванов пен Артем Ивановтан да Илья үздік шығып еді ғой. Алайда, қа­зақтың ең үздік зілтеміршісін бағаламау Илья үшін қамшы болып тиюі мүмкін.

Қазақ байрағын сеніп тапсырып отыр­ған Нұрмұхан Тыналиевтен тек алтын күтеміз. Балуанның берген уағдасы да бар. Сол секілді, Бейжіңде әділетсіздіктің құрбаны болған Дархан Баяхметовтің да бос қайтпайтынын жақсы білеміз. Америка басылымы үміт артқан Кебіс­баев та кері қимылдамауы керек деп ойлаймыз. Ал, әлемді бағындырған Максим Раков, Асхат Житкеев жете алмаған биікке қол созады. Дәл қазіргі уақыттағы қазақтың ең үздік боксшысы Серік Сәпиев те Лондон - Олимпиададағы ғұмырының соңғы аялдамасы екендігін жақсы біледі. Ал, үш қарғып секіру жаттығуынан өнер көрсе­тетін Ольга Рыпакова алтын еншілеп жатса, Сиднейдегі Ольга Шишигинаның ер­лі­гін қайталар ма еді?!

Соңғы жаңалықтар