Қазақстан көміртегі бейтараптығына көшуден пайда таба алады – ЭЫДҰ өкілі
Сұхбат барысында Уильям Томпсон ЭЫДҰ бірнеше жылдан бері Қазақстан мен Орталық Азиядағы сауда және көлік қатынасы проблемаларымен жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Сол сияқты ЭЫДҰ-ның алғашқы үлкен есебі Қазақстанның қолдауымен 2019 жылы Астана экономикалық форумында ұсынылғанын еске салды.
«Біз қазір осы жұмыстың екінші кезеңіне кірісіп кеттік, ол негізінен сауда бойынша. Өйткені алдыңғы жұмыс көлік инфрақұрылымы мен көлік саясатына бағытталған. Біз сондай-ақ ортаңғы дәліз жобасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз, бұл жерде белгілі бір тақырыптар бар. Біріншіден, сауда саясаты мен оның процедураларын жеңілдету секілді мәселелерді ескермей, көлік пен инфрақұрылымға ғана назар аударуға болмайды. Бұл жерде мақсат тек байланысқа ие болу емес, интеграцияланған ел болу», - деді Уильям Томпсон.
Одан әрі спикер Қазақстанның мақсаты транзиттік ел болу ғана емес, тұтастай алғанда өңірдегі жаңа қызметтер мен сауданы дамытатын ел болу екенін атап өтті. Бұл дегеніміз бизнесті жүргізу жағдайларына қатысты жеке сектордың көптеген мәселелерін шешу. Сондай-ақ көлік қатынасын жақсарту арқылы сауда және шекара процедураларын жеңілдетумен, стандарттаумен және үйлестірумен қоса қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты. Орталық Азияны тұтастай интеграцияланған экономикаға айналдыруда көп дүние жасауға болады.
Сонымен қатар ЭЫДҰ Еуразиялық бөлімінің басшысы «Орта дәліз» бастамасының әлеуеті туралы айтып берді.
«Сауда және интеграциялық маршрут ретінде «Орта дәліз» бастамасының әлеуеті зор. Басқаша айтқанда, аталған дәліз Қытайдан Еуропаға және Еуропадан Қытайға тауарларды жеткізу бойынша ғана емес, сонымен қатар дәліз өтетін аймақтың барлық елдерінде сауда мен қызметті қамтамасыз ете алады», - деді Уильям Томпсон.
Қазақстанның ағымдағы экономикалық және әлеуметтік дамуы туралы сұраққа спикер еліміз соңғы уақыттағы үлкен сынақтарға төтеп бергенін атап өтті.
«Соңғы онжылдықта бірқатар ел үлкен күйзелістерге ұшырады. Ол әлемдік қаржы дағдарысы, 2010 жылдардың ортасында тауар бағасының құлдырауы, пандемия тағы сол сияқты. Мемлекет бұл бағытта айтарлықтай тұрақтылықты көрсетті, дегенмен әлі де алаңдатарлық тенденция бар. Жоғарыда аталған әр соққыдан кейін, қалыпқа келу және одан әрі өсу қарқыны соққыға дейінгі сәттен төмен болды. Баяулаудың ұзақ мерзімді тенденциясы бар, атап айтқанда, біз мұны тек экономикалық өсуден ғана емес, өнімділіктен де көреміз», - дейді ол.
У. Томпсонның айтуынша, Қазақстан экономикасын әртараптандыру мәселесі елдегі жалпы ішкі өнімді ұлғайта алмағандығымен ғана байланысты емес. Бастапқы секторға тәуелділік елде көп жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермейді, осы орайда жоғары өнімді жұмыспен қамтамасыз ететін жаңа секторларды дамытуы керек.
ЭЫДҰ-ның Қазақстанмен әріптестігіне қатысты Еуразиялық бөлімінің басшысы өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына барғанын және бас хатшы мен Қазақстан Президенті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанын еске салды.
Меморандумда ЭЫДҰ мен Қазақстан арасындағы бірнеше жылға арналған іс-қимыл жоспары қарастырылған. Оған экономиканы әртараптандыру үшін жағдай жасау үшін маңызды болып табылатын мемлекеттік және кәсіпкерлік секторды реформалауға байланысты мәселелер кіреді.
«Біз сауда-көлік қатынасы бағытында жұмысты жалғастырамыз. Сонымен қатар мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бірлесіп жұмыс істейміз, бұл әсіресе шағын бизнес үшін өте маңызды. Мемлекеттік қызметтер немесе сыбайлас жемқорлық ауыртпалығы бұл ірі мұнай және тау-кен компаниялары шеше алатын дүние. Олардың ресурстары мен саяси күші бар. Біздің іс-қимыл жоспарымыз негізінен өнімділік пен әртараптандыру туралы талқылаған басымдықтардың айналасында құрылған», - деді ЭЫДҰ өкілі.