Қазақстан компанияларының табысын 1 трлн теңгеден асыруға мүмкіндік бар
«Интернет-сауданың танымалдығы - транзитті дамыту әлеуеті. Алдағы 5 жылда Қытайдан Еуропаға жіберілетін интернет-сәлемдемелер саны 6 есеге артып, 2025 жылға қарай 4 млрд сәлемдемеге дейін жетеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдан Еуропаға 670 млн сәлемдеме тасымалданды. Оның ішінде Қазақстан арқылы транзит көлемі шамамен 6 пайызды құрады, бұл - 39,2 млн сәлемдеме. Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы өте ыңғайлы географиялық жерде орналасқан», - деді Р.Дәленов.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан аумағы арқылы интернет-сәлемдемелердің қазіргі көлемін қайта жөнелту үшін барлық инфрақұрылымдық және рәсімдік мүмкіндіктер бар.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізінің арқасында осы транзит көлемін 2025 жылға қарай 864 млн сәлемдемеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл қазақстандық компаниялардың табысын 132 млрд теңгеден 1 трлн 270 млрд теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді министр.
Р.Дәленовтың сөзіне қарағанда, электрондық коммерцияның өсуі саудаға және байланысты салаларды дамытуға, соның ішінде транзитке әсер етеді. Бұл 2025 жылға қарай ЖІӨ-ні жыл сайын 1,1 пайыздық тармаққа ұлғайтуы мүмкін.