Қазақстан көмір станцияларын газға көшіруге мүдделі – Алмасадам Сәтқалиев
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика саласында озық технологияларды қолдану және «жасыл» экономиканы қаржыландыру маңызға ие. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.

«Біз озық әрі төмен эмиссиялық технологияларды дамытуды, «жасыл» экономиканы қаржыландыруды және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мен ШЫҰ-ға мүше елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуді маңызды міндет деп санаймыз. Қазақстан өз кезегінде жаңартылатын, атом және сутегі энергетикасын дамытуға және көмір станцияларының газға көшіруге мүдделі. БҰҰ-ның климаттық конференциясы аясында COP-28, Дубайда 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында парниктік газдар шығарындыларын азайтуға келістік», - деді Алмасадам Сәтқалиев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Энергетика министрлерінің төртінші кеңесінде.
Оның айтуынша, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергетика қуатын жаһандық деңгейде үш есе арттыру көзделіп отыр.
«Сонымен қатар мұнай-газ кәсіпорындарында шығарындыларды азайту бойынша «жасыл» технологияларды енгізу маңызды», - дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Энергетика министрлерінің төртінші кеңесі өтіп жатыр.