Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін қанша қаржы қажет
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде елімізде көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің жол картасы әзірленіп жатыр.


— 2050 жылға қарай елдің жалпы энергия балансындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 50%-ға дейін арттыру басты міндеттердің бірі. Осы мақсатқа жету үшін соңғы екі жылда акселерация бағдарламасына жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған 11 жоба іріктелді. Сондай-ақ, қалдықтарды заманауи басқару тәсілдерін енгізу өзекті. Акселерация бағдарламасы аясында екі жылда қалдықтарды тиімді басқаруға арналған 27 жоба таңдалды, — деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елордада өткен GCIP Kazakhstan 2024 ұлттық форумында.

Министрдің айтуынша, қалдықтармен күрес мәселесін жүйелі шешу үшін инновациялық технологияларды жетілдіріп, инфрақұрылымды жаңғырту қажет.
— 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына сәйкес 610 млрд АҚШ долларын құю қажет. Қазақстандық инновациялық шешімдерді белсенді дамыту осы қаржыландыру көлемін азайтып, жергілікті технологиялардың үлесін арттыру арқылы сыртқы қаржыландыру мен технологиялар трансферіне қажеттілікті төмендетеді. Осы тұрғыда GCIP-Kazakhstan жобасы ұлттық үздік техникалар мен әзірлемелерді анықтау, дамыту және енгізу үшін маңызды элемент ретінде шешуші рөл атқарады. Табиғи байлықтарды сақтап қана қоймай, тұрақты даму саласында еліміздің өңірлік көшбасшы атануға мүмкіндік беретін ресурстар мен әлеует бар, — дейді ведомство басшысы.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы аясында 18 бағытта жол картасы әзірленіп жатыр.

Еске сала кетейік, 2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумында Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізетінін мәлім еткен еді.