Қазақстан Конституциясының брайль қарпінде жазылған нұсқасы жарық көрді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысына Брайль тіліндегі Ата заңымыздың төрт данасы әкелінді. Зағип жандар оны облыстық кітапханада және арнайы кітапханада оқи алады.

Елімізде көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтардың өз құқықтарын қорғауға, заңнамалық сауатын жетілдіруге, мүмкіндіктерін көрсетуге тамаша мүмкіндіктер жасалып отыр. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған іс-шара өтіп, онда Конституция кітабының брайль шрифімен басылып шыққан жаңа нұсқасы таныстырылды. Кітап атаулы мерейтойға орай ҚР Жоғарғы сотының тапсырмасы бойынша жарық көрген.
- Біздің қолымызда Конституцияның бірнеше нұсқасы бар: жалпақ баспа форматында, Брайль қарпінде және флешкаға жазылған MP3 аудио нұсқасында. Көпшілігі жұмысқа келгенде немесе қажет болғанда қажетті баптарын тауып алып оқиды. Мәселен, 28-бапта азаматтарға ең төменгі жалақы мен әлеуметтік төлемдердің мемлекет тарапынан кепілдендірілетіні жазылған. Бұл – баршамыз үшін маңызды, – деді тұсаукесерге қатысқан Қазақ зағиптар қоғамының төрағасы Дүйсенбі Қабдулов.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл игі бастама – көзі көрмейтін жандардың елдің басты құжатымен еркін танысып, азаматтық құқығын терең ұғынуына мүмкіндік беретін тың қадам. Брайль әрпімен өрнектелген парақтар – тек мәтін емес, бұл – жүрекпен сезілетін әділет үні, үміт сәулесі, тең мүмкіндіктің белгісі. Зағип жандар бұл кітап арқылы өздерінің қоғамдағы толыққанды мүшесі екенін тағы бір мәрте сезінетін болады.
Еске сала кетейік, Конституцияның 30 жылдығына орай жаңа коллекциялық монеталар сатылымға шығады.