Қазақстан көпбағыттылығынан жаңылмайды
Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың мұндай пікірі үш елдің экономикалық интеграциясының қағидаттарымен үндеседі. - Қазір әлемде әртүрлі елдер арасындағы ашық ынтымақтастық жаһандық құбылысқа айналды. Жер бетіндегі мемлекеттердің барлығы өңірлік және жаһандық деңгейде бір-бірімен ықпалдасуға, сауда-саттықты дамытуға, өзара әрекеттесуге ұмтылуда,- деді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте саясаттанушы М. Әшімбаев.- Менің пайымдауымша, Қазақстанның болашағы жаһандық экономикаға ықпалдасумен тығыз байланысты. Жаһандық экономикаға интеграциялану арқылы қауіпсіздік жүйесіне де қосыламыз. Мәулен Әшімбаев қазақстандық депутаттардың ресейлік және беларустық әріптестерінен қалмай, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құру туралы шартты биылғы қыркүйек айында ратификациялайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, еуразиялық интеграция ең алдымен, Қазақстанның тәуелсіздігін, біздің еліміздің егемендігін және аумақтық тұтастығын сақтағанда, сондай-ақ, үш мемлекеттің еркіндігін құрметтеген жағдайда қарқынды дамиды. Сонымен бірге, Мәжіліс комитетінің төрағасы Қазақстанның сыртқы саясаттат көпбағыттылығынан жаңылмай, Қытай және ЕуроОдақ елдері сияқты әлеуетті әріптестерімен тығыз қарым-қатынастарын одан әрі жалғастыратынына сенім білдірді. Жалпы алғанда, Қазақстанның ашықтық, көпбағыттылық саясатын шетелдермен сауда-экономикалық байланыстарынан көруге болады. Мәселен, өткен жылы еліміздің сыртқы саудадағы жетекші әріптестері - Еуропалық Одақ елдері (53,3 млрд доллар) мен Қытай (28,6 млрд доллар) болғанын білеміз. Үшінші орында Ресей Федерациясы (24 млрд доллар) тұр. Тіпті, 2013 жылы біздің нарығымызда Ресейді басып озған Қытай өзінің Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен арадағы сауда айналымын екі есеге дейін өсіруді жоспарлап отыр. Яғни, дамыған елдер өзінің тұтыну нарықтарын кеңейтуде Қазақстан сияқты әлеуметтік-саяси тұрақтылық орнаған өңірлерге ұмтылатыны белгілі. Өйткені, қазақ жерінде ешқандай аумақтық жанжалдар жоқ. Біз осынау құндылығымызбен басқалардан озықпыз. Қазақстанның Батыспен де, Шығыспен де, тіпті мұхиттың арғы жағындағы АҚШ сияқты аса ықпалды мемлекеттермен де ортақ тіл табысқанын халықаралық сарапшылардың өзі мойындайды. Ұлыбританияның жаһандық экономика бойынша беделді сарапшыларының бірі Алекс Найстың пікірінше, Қазақстанның батыс елдерімен қарым-қатынасы Ресеймен салыстырғанда өте жақсы. «Мұндай артықшылық әрі үлкен жауапкершілік жүктейді, әрі еуропалық, америкалық компаниялармен қоян-қолтық жұмыс істеуге қолайлы жағдай туғызады. Қазақстанның көпбағыттылық саясаты Қытаймен де, АҚШ-пен де, ТМД және ЕуроОдақ елдерімен де теңқұқылы, достық қарым-қатынастарда болуға мүмкіндік береді»,- дейді ол. Орталық Азия бойынша ағылшын сарапшысы Марк Ахметтің пікірінше, Қазақстан Ресей, ЕЭО және үшінші елдер арасындағы келіссөздерде делдал рөлін атқара алады. «Қазақстан ЕЭО-ға кіргеннен тек экономикалық тұрғыдан ұтып қана қоймай, өзінің халықаралық саясаттағы ықпалын да күшейтеді. Өйткені, Қазақстан және оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаев батыс пен шығыста бірдей үлкен беделге ие. Бұл елдің ЕЭО-ға кіруінен кейін нығая түсетін қарқынды экономикасы, геосаяси тұрғыдан маңызды орналасуы әлемнің қазіргі заманғы картасында жаңа қуатты орталық қалыптастырады»,- дейді шетелдік сарапшы.
Әмірлан Әлімжан