Қазақстан қор биржасында цифрлық теңге қолданылуы мүмкін

АЛМАТЫ. KAZINFORM – KASE төрағасы Әділ Мұхамеджанов цифрлық қаржы нарығы туралы өз ойын айтты.

Цифрлық теңге
Фото: DALL-E

Оның айтуынша, қазір Ұлттық банк және нарық қатысушылары бірлесе отырып «Цифрлық қаржы активтері туралы» заңды қабылдауға жақын тұр.

– Менің ойымша, Қазақстан қор биржасы жаңа цифрлық әлемде үлкен орынға ие бола алады. Біз Орталық депозитариймен бірлесіп, жаңа нарыққа қатысу үшін өзара әрекеттесу құрылымын ұйымдастырып жатырмыз, - деді Әділ Мұхамеджанов.

Ол цифрлық активтер нарығының кеңейіп, танымал әрі тартымды инвестициялық бағытқа айналып келе жатқанын атап өтті. KASE бұл салада белсенді жұмыс істеуге ниетті.

– Бұл – әрі бөлек құрал, әрі жеке платформа. Әрине, қазіргі жүйеге бұл активтерді қалай біріктіруге болатынын ойластыруға болады. Бірақ цифрлық қаржы активтерінің айналымына арналған жеке секторларды құру оңайырақ болмақ. Сонда жаңа құралдар да пайда болады, - деді ол.

Сонымен қатар биржа төрағасы заң мен оған сәйкес нормативтік құқықтық актілер қабылданғаннан кейін ғана барлық құрылым мен жұмыс тетіктері нақты айқындалатынын атап өтті. Ал БАҚ өкілдерінің «Цифрлық теңге биржада саудалана ма?» деген сұрағына Әділ Мұхамеджанов мұндай мүмкіндікті жоққа шығармайтынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық тауарға АҚШ-тың 25% баж салығын енгізуіне байланысты Қазақстан қор биржасының (KASE) басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар