Қазақстан Кореяда өтетін EXPO-2012 Дүниежүзілік әмбебап көрмесіне қатысады

АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат -  12 мамырда Оңтүстік Кореяның Ёсу (Yeosu) қаласында EXPO-2012 Дүниежүзілік әмбебап көрмесі ашылады.
None
None

Халықаралық көрменің биылғы жылғы басты тақырыбы -  «Тірі мұхит және жағалау аймағы: ресурстар алуан түрлілігі және оларды тиімді пайдалану». Көрме 3 айға жалғасып, 2012 жылдың 12 тамызына дейін жұмыс істейтін болады.

Биылғы халықаралық көрме тақырыбының да өзіндік ерекшеліктері баршылық. Өйткені, жаһандық жылыну, әлем мұхиттары деңгейінің көтерілуі және олардың ластануы жаһанның алаңдаушылығын арттырып отырғаны рас. Сондықтан да, Ёсу қаласындағы көрмені ұйымдастырушылар әлем елдері өкілдері арасында осынау адамзаттық өзекті мәселені шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік тигізетінін атап өтуде.

Ал Қазақстан EXPO-ға осымен төртінші мәрте өзінің жеке  павильонын ұсынады. Бұл жолғы қазақстандық көрме алаңы 774 шаршы метрді құрағалы отыр. Ондағы экспозицияның басты идеясы - мәдениеттегі, ғылымдағы, бизнес пен туризмдегі дәстүр мен инновацияға арқау болмақ.

Осы шара шеңберінде кеше қазақстандық делегация Халықаралық медиа күніне қатысқан болатын. Бұл шараның мақсаты БАҚ өкілдеріне EXPO-ға қатысты теңдессіз қолжетімділікті қамтамасыз ету, сол арқылы Ёсу қаласындағы халықаралық шараға шетелден келушілердің санын арттыруға септігін тигізу болып табылады. Бұл ретте қазақстандық павильонда да шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өткен еді.

Жалпы «EXPO-2012» ұйымдастыру комитетінің бағалауынша, халықаралық көрмеге шамамен 18 млн. адам келетіні жоспарланған. Ал Қазақстандық павильон EXPO-ның 93 күндік жұмысы барысында 400 мыңнан астам қонақты қарсы алуға дайын.

Соңғы жаңалықтар