Қазақстан коронавирусқа қарсы «Фавипиравирді» қолдануды неліктен тоқтатты: Министрлік түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясын емдеуден қолданылатын «Фавипиравир» препаратын сатып алуды тоқтату шешіміне түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәлім етілгендей, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі біріккен комиссия отырысында «Фавипиравир» дәрісін қолдануға қатысты мәселе талқыланды. Талқылау нәтижесі бойынша этиотропты терапияға арналған дәрі-дәрмек заттарына клиникалық зерттеулер жасауға және медициналық жоғары оқу орындарында этиотропты терапияға ғылыми жетелеме жасау үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістен енгізу туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты Қазақстан клиникалық зерттеулердің нәтижесі шыққанға дейін «Фавипиравир» препаратын бірыңғай дистрибютер арқылы сатып алуды тоқтатады.

«Қарағанды медициналық университеті» ҰАҚ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, COVID-19 клиникалық хаттамасын әзірлеушілер тобының жетекшісі Бақыт Көшерова осы мәселеге қатысты бірқатар сұраққа жауап берді.

«Бұл мәселе жөнінде қоғамға түсінікті тілмен баяндауымыз керек. Біріншіден, этиотропты емдеу әзірге тек тәжірибелік тұрғыда жүріп жатыр. Ең әуелі этиотропты емдеу дегенге анықтама берсек. Бұл – аурудың қоздырғышына әсер ететін емдеу. Яғни біз, КВИ туралы және вирусқа қарсы әсер ететін дәрілер туралы түсіндірме беріп отырмыз. Баршаңызға мәлім, біз Қытайдың Ухан қаласында шыққан COVID-19 індеті туралы желтоқсан айында білдік. Содан бері сегіз ай өтті. Ғылымның мүмкіндігі үшін бұл соншалықты көп уақыт емес. Сол себепті дәл қазір бұл вирусқа қарсы нақты мынандай препарат әсер етеді деп сенімді түрде айту қиын. Сәйкесінше, қолданыстағы дәрі-дәрмектер тәжірибелік болып саналады», - деді ол.

- Бақыт Нұргалиқызы, демек, қазіргі дәрі-дәрмектің барлығы сынақ ретінде қолданылуда және олардың барлығына клиникалық зерттеулер жүріп жатыр деген сөз ғой?

- Біз дүниежүзіндегі барлық дәрігерлер сияқты дәрі-дәрмекті клиникалық зерттеулерге сәйкес науқастардың ақпараттандырылған келісімі арқылы қолданамыз. Азия мемлекеттерінде, оның ішінде Қазақстанда, Қытайда, көптеген Еуропа елдерінде, Үндістанда алғашқы болып «Лопинавир»/ «Ритонавир» дәрілері кең қолданысқа ие болды. Аталған препараттар ауру ошағы болған Қытайда да коронавирусқа қарсы қолданылды және тиімділігі дәлелденді. Бұл дәрі-дәрмектің вирусқа қарсы күші басым болды деген сөз. Соған сәйкес науқастардың барлығына, симптомды және симптомсыздығына қарамастан тағайындалды. Өз кезегінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) халықаралық зерттеуіне енгізілді. Алайда, аталған препараттар өлім аузындағы науқастарға әсер етпейтіні анықталып, ДДҰ мамыр айының соңы мен маусымның басында оның тізімнен алып тастады. Зерттеу нәтижелері атаулы дәрі-дәрмектің қазіргі уақытта тиімсіздігін көрсетті.

- Тереңірек түсіндіріп берсеңіз. Сіз атаған екі дәрі алғашқыда Қытайда өте тиімді деп танылды. Көп уақыт өтпей-ақ тиімсіз болып қалды. Мұны қалай түсінуге болады?

- Мұның мәнісі мынада. Егер байқасаңыздар, вирус қозғалыста тұрады оның үстіне кейбір дәрілерге қарсы төтеп бере алады. Ия, алғашқы уақытта Қытайда, Кореяда кең қолданылып тиімділігі анықталды. Алайда, 5-6 айдан кейін вирусқа қарсы әсері төмендеп кетті. Онымен қоса, Қытайда вирустың бөлек штаммы, Еуропада басқа штамм және Азияда мүлдем бөлек, үшінші штамм түрі кездесті. Айта кетейін, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының ғалымдары науқастардың тыныс алу жолдарынан сынама алып, зерттеу жасады. Нәтижесінде Ухандағы және Еуропадағы екі штаммдарға ұқсас екі жағдай тіркелді.

ДДҰ-ның клиникалық зерттеулер қатарына тағы бір препарат енді. Ол «Гидроксиохлорокин» деп аталады. Негізінен ревматоидты артритті емдеу үшін қолданылады. Препарат біздің де клиникалық хаттамада болды. Негізінен, Италияда, Германияда, АҚШ-та, Үндістанда, Түркияда, Сауд Арабиясында кеңінен қолданылды және қазір де қолданыста бар. Құрамында хлоры бар тағы бір препарат «Хлорохин» деп аталады және оны да Қытайлық әріптестеріміз қолданған. Бұл дәрі де ДДҰ-ның зерттеуінде болған, кейіннен оның да қолданылуы тоқтатылды. Белгілі бір уақыттан кейін оны қолдануға қайта рұқсат етіліп, кейіннен тіпті вирусқа қарсы дәрілер тізімінен шығарылып тасталды. Яғни, мұның да тиімсіздігі дәлелденді.

«Ремдесивир» деп аталатын этиотропты тағы бір препарат бар. Оны көбіне АҚШ пен Еуропа елдері ауыр жағдайда жатқан науқастарға қолданды. Қазіргі уақытта аталған дәрінің тиімділігі жақсы деп бағалануда. Яғни, өлім-жітімді төмендетуге, індетті тезірек жеңуге септігі мол.

Енді «Фавипиравир» перепаратына келсек: бұл – Жапонияда шыққан дәрі және ол туралы инфекционист мамандар жақсы біледі. Әуелде жапон ғалымдары оны тұмауға қарсы дәрі ретінде зерттеді және жақсы нәтижелер алды. Жаңа коронавирус инфекциясы пайда болған кезде олар бірнеше мәрте зерттеулер жасады. Бірақ COVID-19 індетінен барлық науқасты емдеп шыға алмай, одан әрі зерттеуді жалғастыра алмады.

- «Фавипиравир» препаратын Қазақстаннан басқа да елдер қолдана ма?

- Бұл препарат бүгінде Ресей Федерациясы, Үндістан, Беларусь және Сауд Арабиясының клиникалық хаттамасында бар. Әріптестеріміз клиникалық хаттамада аталған препаратты коронавирус инфекциясының орташа-ауыр түріне шалдыққан пациенттерге ғана қолдануды ұсынғанын атап өткен жөн. Дәрігер «Фавипиравирді» тағайындар алдында әр пациентке ескерту жасайды. Мәселен, егер науқас бала көтеретін жастағы әйел болса, онда ол жүктілікке тест жасауы қажет. Ал науқастың жүрегі ауыратын болса, емді бастамас бұрын электрокардиограммаға түсуі тиіс. Яғни, препарат жалпыға бірдей тағайындалмайды, белгілі бір шектеулері бар және пациенттерге сол шектеулер туралы міндетті түрде хабарлау қажет. Сондықтан, «Фавипиравир» пациенттің келісімімен ғана клиникалық зерттеулер шеңберінде және тек стационарда ғана беріледі.

- Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан науқастарға тәжірибе жасалып жатыр деген қауесеттер бар. Бұл жайында не айта аласыз?

- Мүлдем олай емес. Бүгінде бүкіл әлем коронавирус инфекциясына қарсы тиімді препарат іздеуде. «Фавипиравир» де клиникалық сынақтардан өтуде. Мен жоғарыда бірнеше дәрі-дәрмекті атадым және олардың әрқайсысын ДДҰ емдеу хаттамасына енгізді, содан кейін оларды алып тастады. Дәрігер пациентке кез келген препараттың жанама әсерін, оның эксперименталды екенін айтады. Осы инфекциядағы тиімділігін көрсететін жариялы мәліметтер бар. Бірақ бұл толық зерттелген жоқ. Дәрігер пациентті осы немесе басқа препараттың жанама реакциясы туралы хабардар етеді. Мысалы, «Лопинавир»/ «Ритонавир» препаратын қолданғаннан кейін жүрек айнып, құсу, диарея болуы мүкін. «Гидроксихлорофин» жүрек бұлшықетіне әсер етеді, «Ремдесивир» дәрісін ішкен соң аздап жүрек айнып, құсу, әлсіздік пайда болады. Науқастар препараттың барлық жанама әсерімен танысып, олар жөнінде хабардар болғаны туралы келісімге қол қоюы керек. Келісімсіз ешкім науқасқа дәрі бермейді.

- Бұл препараттар науқас үшін қаншалықты қауіпті болуы мүмкін?

- Мысалы, «Парацетамол» препаратын алайық, оны бәрі қабылдайды. Оның қандай жанама әсері бар екенін білесіз бе? «Парацетамолдың» ауыр жанама әсерінің бірі – бұл дәрі-дәрмек салдарынан болатын гепатит. Бауырға өте үлкен зақым келеді, препараттың улы әсеріне байланысты бауыр функциясы бұзылады. Немесе антибиотиктерді алыңыз. Халыққа не болғанын түсінбеймін, ауру өршіген кезде адамдар бір емес, екі емес, бірден үш антибиотикті қабылдады. Салдарынан болған ішек дисбактериозының көлемін ойлаңызшы! Бірақ ең қорқыныштысы – олардың резистенттілігі (төзімділігі). Ертең олар басқа сырқатпен ауырады – бұл микроорганизмдерге қандай антибиотик әсер етеді? Бұл – үлкен мәселе. Адамдар мұны ойламайды, олар оны қалыпты деп санайды. Ауруханада қолданылатын «Фавипиравир» сияқты вирусқа қарсы препараттарға қатысты: біз препараттың жанама әсері туралы біліп тұрып, оны пациентке хабарлағанда, халықты түсіну үшін жариялы түрде айтқанда: «бізді эксперимент ретінде пайдаланып жатыр» деп айта бастады. Маған сеніңіз, біз бұл препараттарды ешкімге күшпен тағайындамаймыз. Егер қаламасаңыз, оны сізге ешкім бермейді.

- Бұл препараттар бәріне бірдей тағайындалмай ма?

- Менің әріптестерім «Фавипиравирді» клиникалық хаттамада аурудың орташа ауыр ағымында ғана қолдануды ұсынғанын айттым. Бірақ, вирусқа қарсы препараттардан өзге, басқа да препараттар – антикоагулянттық емдеу, тыныс алуды қолдау, глюкокортикостероидтар бар екенін ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар, пациенттер қосымша аурулар бойынша алатын препараттар бар.

Мен – медицина университетінің проректоры және Covid-19 бойынша клиникалық хаттаманы әзірлеуші топтың жетекшісімін, өзім инфекциялық және провизорлық стационарда жұмыс істедім және іс жүзінде хаттаманың тиімділігін көрдім. Бізде 70 жастан асқан 200-ден астам науқас болды. Барлығын аяғына тұрғыздық, ешкім қайтыс болған жоқ, өйткені біз коронавирус инфекциясын емдеу әдісін үйрендік. Бізде қант диабеті, артериалды гипертония, созылмалы жүрек, бүйрек аурулары, эндокриндік патологиясы бар науқастар көп болды. Тәжірибе көрсеткендей, егер пациенттер өздерінің қосымша ауруларын емдеуді жалғастырса: олар үнемі қан қысымын төмендететін дәрі-дәрмектерді ішеді және сонымен қатар COVID-19 бойынша ем қабылдайды, мұндай науқастарда ауру айқын клиникалық көрініссіз жеңіл өтті. Ол әдеттегі инфекциялық процесс ретінде жүрді. Сондықтан көп нәрсе пациенттің тәртібіне оның жалпы емделуге деген нитіне байланысты.


Соңғы жаңалықтар
telegram