Қазақстан қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімді таяуда ратификациялайды деп күтеміз - Фин министрі
Бүгін Астанада өтіп жатқан «Финляндия экономикасының Қазақстандағы күндері» атты бизнес форумда Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі Пааво Вяйрюнен осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің екі жақты экономикалық қарым-қатынасымыздың заңгерлік негізі жайлы айтатын болсақ, Финляндия мен Қазақстан инвестицияны қорғау туралы келісімге қол қойды. Сауда-саттыққа жәрдемдесу үшін маңызды болып табылатын тағы бір базалық құжат - бұл қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім. Бұл келісімге Президент Назарбаевтың Финляндияға жасаған сапары кезінде қол қойылды. Оны Финляндияның Парламенті ратификациялады. Қазақстан осы келісімді таяу болашақта ратификациялайды деп күтеміз», деді бизнес-форумда П. Вяйрюнен
П. Вяйрюнен фин-қазақ өзара қарым-қатынасының қазіргі заманғы тарихын қысқа, алайды қарқынды деп сипаттады. «Біздің өзара ынтымақтастығымыздың көкжиегі қалыптасты. Екі елдің арасындағы жоғары деңгейдегі сапарлар бұған септігін тигізді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың наурыз айында Финляндияға сапар жасады. Бұл сапар біздің бизнесмендер, ғалымдар, зерттеушілер және дипломаттар үшін өзара ынтымақтастықты дамытуда айтарлықтай рөл атқарды», деді ол.
Оның айтуынша, Финляндия мен Қазақстан арасындағы екі жақты қарым-қатынас Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы тату көршілік және қарқынды қарым-қатынастың негізінде де өркендеп отыр. «Финляндия Еуропалық одақтың мүшесі болып табылады және Еуропалық одақ пен Орталық Азия өңіріндегі жекелеген мемлекеттермен, соның ішінде Қазақстанмен өзара қарым-қатынасты дамытуға белсенді қатысып келеді», деді фин министрі.