Қазақстан кубогы: Дастан Сәтпаев «Қайратты» жеңіске жетеледі

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Қазақстан кубогының ¼ финалына берілген тағы екі жолдамаға алматылық «Қайрат» пен түркістандық «Тұран» ие болды.

Дастан
Фото: ФК Қайрат

Алматылық клуб өз алаңында Ақтаудың «Каспий» клубын қабылдады. «Қайрат» биыл біріншілікте көш басында тұрса, ақтаулық команда бірінші лигада сынға түседі. Соған қарамастан іріктеу кезеңінен іркілмей өтіп, 1/8 финалға дейін жетті.

Кездесу барысында алматылық футболшылар ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Ойынның 9-минутында Георги Зариа пенальтиден мүлт кетпесе, 45-минутта тағы сондай мүмкіндікті пайдалана білді.

Екінші кезеңде Дастан Сәтпаев көздеген нысанадан мұлт кеткен жоқ. Он алты жастағы жас жұлдыз біріншілік және кубок ойындарын қоса алғанда биыл төртінші голын соғып үлгерді.

Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсіп, ширек финалға жолдама алды.
Ал «Тұран» «Атырауды» 2:0 есебімен тізе бүктіріп, жарыстың келесі сатысына шықты.

Енді ширек финалда «Қайрат» пен «Тұран» кездеседі.

Тағы бір жұпта «Елімай» мен «Қызылжар» ойнайды. Бүгін «Елімай» командасы «Ұлытауды» 3:0, «Қызылжар» футбол клубы «Қайсарды» 1:0 есебімен жеңді.

Ал 13 сәуірде «Хан тәңірі» (Алматы) пен «Ордабасы» (Шымкент), «Оқжетпес» (Көкшетау) мен «Астана», «Жеңіс» (Астана) пен «Ақтөбе», «Тобыл» (Қостанай) мен «Жетісу» (Талдықорған) ойнайды. 

Соңғы жаңалықтар