Қазақстан кубогы: «Елімай» мен «Қызылжар» ширек финалға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан кубогының 1/4 финалына шыққан екі команда анықталды. Қазақстан кубогының 1/8 финалындағы алғашқы кездесуінде  «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Елімай» (Семей) командалары шеберлік байқасты.

Қазақстан кубогы: «Елімай» мен «Қызылжар» ширек финалға жолдама алды
Фото: ҚФФ

Ойын барысында семейлік команданың белсенділігі анық байқалды. Нәтижесінде 39-минутта Фессу Плакка есеп ашса, одан кейін Әділбек Жұмаханов 45, 50-минутта екі гол соғып кетті.
Осылайша «Елімай» сырт алаңда қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсіп, ширек финалға берілген алғашқы жолдаманы қалтаға басты.

Тағы бір кездесуде «Қызылжар» (Петропавл) мен «Қайсар» (Қызылорда) жасыл алаңға шықты.
Екі команда да биыл біріншілікті сәтсіз бастады. Қазір турнир кестесінде олар соңғы орындардың бірінде тұр. Сондықтан екеуі де бүгінгі ойында ширақ қимылдап, қарсыласын қапы қалдыруға тырысты.

Соған қарамастан тоқсан минут түгесілгенше командалар бір-біріне гол сала алған жоқ. Ойынның 91-минутында «Қызылжар» сапынан Александр Нойок мергендік танытты.
Қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктірген «Қызылжар» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Енді ширек финалда «Елімай» мен «Қызылжар» кездеседі. 

Дәл қазір «Қайрат» (Алматы) пен «Каспий» (Ақтау) кездесуінің бірінші кезеңі аяқталды. Әзірге 2:0 есебімен алматылық клуб алда келеді.

Ал 19:00-де «Тұран» (Түркістан) мен «Атырау» жасыл алаңға шығады.

13 сәуірде «Хан тәңірі» (Алматы) пен «Ордабасы» (Шымкент), «Оқжетпес» (Көкшетау) мен «Астана», «Жеңіс» (Астана) пен «Ақтөбе», «Тобыл» (Қостанай) мен «Жетісу» (Талдықорған) ойнайды.

Соңғы жаңалықтар