Қазақстан кубогы: «Қызылжар» мен «Ордабасы» тең ойнады
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 25 маусымда футболдан Қазақстан кубогы жартылай финалындағы алғашқы ойынның нәтижесі белгілі болды.

Бұл кездесуде «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ордабасы» (Шымкент) командалары шеберлік байқасты.
Ойын барысында командалар бір-бірінің қақпасына гол соғуға тырысты. Дегенмен діттеген мақсатына жете алған жоқ. Тоқсан минут бойы қарсыластар есепті өзгертуге мүмкіндігі болмады.
Дәл қазір «Тобыл» (Қостанай) мен «Жеңіс» (Астана) кездесуі өтіп жатыр.
Айта кетсек, ширек финалда шымкенттік «Ордабасы» алматылық «Қайратты» петропавлдық «Қызылжар» семейлік «Елімайды» пенальти сериясында қапы қалдырды.
Ал елордалық «Жеңіс» «Астананы», қостанайлық «Тобыл» түркістандық «Тұранды» 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Биыл Қазақстан кубогына Премьер-лига, бірінші және екінші лигадан барлығы 30 команда қатысты. Алдымен бірінші және екінші лига командалары алғашқы іріктеу кезеңін өткізді.
Олардың арасынан іркілмей шыққан екі клуб 1/8 финалда Премьер-лига командалары қатарына қосылды.
Жеңімпаз 2026 жылы Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады.