Қазақстан кубогы: «Тобыл» өз алаңында «Жеңістен» басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 25 маусымда футболдан Қазақстан кубогы жартылай финалындағы алғашқы ойында Қостанайдың «Тобылы» жеңіске жетті.

Қостанайлық клуб бұл жолы елордалық «Жеңіс» командасымен кездесті.
Алғашқы минуттан шабуылға лап қойған қостанайлық клуб жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Дегенмен оған елордалық футболшылар тосқауыл қойып жатты.
Ойынның 4-минутында «Жеңіс» қорғаушылары өрескел қателікке бой алдырды. Өзінің қақпашысына дос тастаған еді. Сол сәтте қақпашы оны сыртқа шығара алған жоқ. Бұл қателікті қостанайлық клубтан Александр Зуев шебер пайдаланып кетті.
Ойынның 27-минутында «Жеңіс» сапынан Гонсалес Адильо таразы басын теңестірсе, Наурызбек Жагоров 73-минутта «Тобылға» жеңіс сыйлады.
Осылайша қостанайлық клуб қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ бүгін Қазақстан кубогында «Қызылжар» мен «Ордабасы» тең ойнады.
Биыл Қазақстан кубогына Премьер-лига, бірінші және екінші лигадан барлығы 30 команда қатысты. Алдымен бірінші және екінші лига командалары алғашқы іріктеу кезеңін өткізді.
Олардың арасынан іркілмей шыққан екі клуб 1/8 финалда Премьер-лига командалары қатарына қосылды.
Жеңімпаз 2026 жылы Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады.