Қазақстан кубогы үшін ойында Ақжайық Қызылжарды ұтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан кубогы үшін топтық кезеңнің төртінші турында Петропавлдың «Қызылжары» «Астана Арена» стадионында «Ақжайықты» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осының алдында сырт алаңда Хорватияның «Осиек» командасын жолдан тайдырып, Конференция лигасының үшінші іріктеу сайысына жолдама алған қызылжарлықтар оралдықтармен ойынды елордада өткізу туралы ұсыныс түсірген еді. Бұған Қазақстан кәсіби футбол лигасы да, «Ақжайық» та қарсы болмай, келісім берді.

Алма-кезек шабуылмен өткен бірінші таймда грузиялық шабуылшы Тома Табатадзеден пас алған украиналық Илья Коваленко 38-минутта есеп ашты.


Ойынның екінші кезеңінде алаңға тыңнан қосылған армениялық Завен Бадоян қарымта шабуыл кезінде 88-минутта есепті 2:0-ге жеткізді.

Осылайша, молдовалық маман Игорь Пикущак жаттықтыратын оралдықтар қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізіп, «В» тобында 9 ұпай жинап, көш басындағы Қызылорданың «Қайсарын» қуып жетті. Ақтаудың «Каспийінде» 4, «Қызылжарда» 1 ғана ұпай бар. «Қызылжар» командасы кубоктың ширек финалына шығу мүмкіндігінен айырылды.


«Ақжайық» кубоктық бәсекеде келесі турда 5 тамыз күні Оралда «Қайсарды» қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қызылжар» - «Ақжайық» матчының Петропавлдан елордаға ауыстырылғанын , допинг қолданғаны үшін Айбол Әбікеннің төрт жылға футболдан шеттетілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар