Қазақстан құрамасы Канвон Олимпиадасын 20-орынмен аяқтады
КАНВОН. KAZINFORM – Бүгін Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы төртжылдық доданы 1 алтын, 2 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 20-орынмен аяқтады.

Жасөспірімдер арасындағы Қысқы Олимпиада ойындарының тұңғыш алтын медалін шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасының мүшесі Илья Мизерных жеңіп алып, есімін қазақ спортының тарихына алтын әріптермен жазып қалдырды.
Ал қола медальдің бірін шорт-тректен 1000 метр қашықтықта сынға түскен спортшыларымыз арасынан Полина Омельчук жеңіп алса, екінші қола медалді Қазақстан қоржынына хоккейшілеріміз салды.

Осылайша Канвон Олимпиадасы қазақ спортшылары үшін сәтті болды деп айтуға болады. Олай дейтініміз осыған дейін Қазақстан жасөспірімдері 3 Олимпиадаға қатысып, алтын медальға қол жеткізе алмай келе жатқан болатын. Биыл сол олқылықтың орыны толып, спортшыларымыз табысты өнер көрсете білді.
Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан Туын петропавлдық конькимен жүгіру спортының өкілі Кристина Шумекова мен оралдық шорт-трекші Ерасыл Шыңғысханұстап шықты.

Олимпиада ойындарының алауы 19 қаңтар күні тұтанған болатын. Канвон провинциясының Каннын қаласында өткен додада Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сапында 41 спортшы 5 спорт түрінен бақ сынап, 55 жүлде жиынтығын сарапқа салды.
Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша сынға түсті.
Аталған жарысқа әлемнің 80-ге жуық елінен 1 800 спортшы қатысып, жүлделі орындарға таласты. Жалпы 7 спорт түрінен (15 дисциплина) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынды.