Қазақстан құрамасы көркем гимнастикадан Challenge Cup турнирінде бақ сынайды
АСТАНА. KAZINFORM – Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы 25-27 шілде аралығында Клуж-Напока (Румыния) қаласында өтетін World Challenge Cup турнирінде сынға түседі. Бұл беделді жарыс Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) күнтізбесіне енген.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің хабарлауынша, аталмыш турнирге 42 елден 200-ге жуық спортшы қатысады. Ал Қазақстан атынан бұл додада 8 спортшы сынға түседі.
Турнир аясында Айбота Ертайқызы және Айым Мейіржанова жекелей сайыста өнер көрсетеді. Ал топтық жаттығуларға қатысатын қазақстандықтардың тізімі төмендегідей.
Олар:
- Айда Хәкімжанова
- Айзере Кеңес
- Жасмин Жүнісбаева
- Кристина Чепульская
- Айзере Нұрмағамбетова
- Мадина Мырзабай.
Қазақстан құрамасы таяуда Сингапурде өткен Азия біріншілігінде үздік нәтиже көрсетті. Сол жарыста отандастарымыз топтық жаттығуларда және жекелей сында тамаша көзге түсіп, 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медальға қол жеткізген.
– Сингапурде өткен Азия чемпионатынан кейін қыздар сәл тынығып алды. Қазір Астанадағы өздерінің тұрақты жаттығу орталығында дайындықты қайта жалғастырып жатыр. Алдағы әлем кубогы 18-25 тамыз аралығында Бразилияда өтетін әлем чемпионатының алдындағы соңғы сайыс болмақ, - деді ұлттық құраманың бас бапкері Лола Әділбекова.
Бұған дейін ХХХІІ Дүниежүзілік жазғы Универсиадада көркем гимнастикадан Айбота Ертайқызы қола жүлде еншілеп, құрама қоржынына алғашқы медальді салған еді.