Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері жақын арада тағайындалады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан футбол құрамасының жаңа бас бапкері жақын арада тағайындалады. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ұлттық құраманың бас бапкерін ауыстыру туралы шешімді Қазақстан футбол федерациясы қабылдаған. Қазір жаңа маманды тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр.
— Бұл — Қазақстан футбол федерациясының жұмысы. Биылғы маусымның қорытындысы бойынша бас бапкерді ауыстыру туралы шешім қабылданды. Жақын арада жаңа бас бапкердің тағайындалуын күтіп отырмыз. Әзірше бұл жөнінде нақты ақпарат жоқ, — деді Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ министр футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жұмыстары туралы да айтты.
Оның мәліметінше, қазіргі уақытта 13 футбол клубы коммерцияландырылған. Тағы алты клуб бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
— Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады. Қазір соңғы келісу рәсімдері жүріп жатыр. Бәлкім, келесі аптада «Астана» футбол клубын жекешелендіру туралы ресми хабарлаймыз, — деді министр.
Осылайша, жыл соңына дейін қалған алты футбол клубын коммерцияландыру жұмыстары аяқталып, «Астана» клубын жекешелендіру мәселесіне қатысты шешім жариялануы мүмкін.
Бұған дейін Қазақстанда футбол клубының бас бапкері күмәнді матчтарға байланысты шеттетілгенін жазғанбыз.