Қазақстан құрамасын өз ойыншыларымыздан жасақтау қажет ? Г. Паршин

ОРАЛ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Волейболдан Қазақстанның ерлер құрамасына өз ұлттық кадрларымыз қажет. Өткен жылы ел құрамасына бас бапкер болып тағайындалған КСРО, Қазақстан және Латвия Республикаларының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Паршин ҚазАқпарат тілшісімен сұхбатын осы мәселеден бастады.
None
None
Кезінде КСРО құрамасын да баптап, Латвия, Түркия, Жапония сынды елдерде жемісті жұмыс жасай білген бапкердің айтуынша, Қазақстан волейболын дамытудың төрт жылдық бағдарламасына сәйкес ұлттық құраманы бірте-бірте жасарту міндеті алға қойылып отыр. Егер осы күйде жүре берсек, төрт жылдан кейін құраманың белді ойыншыларының жасы отыздан асып кетеді де, ел намысын абыроймен қорғау одан сайын қиындай түседі. Биылша тәжірибелі ойыншыларға сенім артсақ, келесі маусымнан бастап ел құрамасы жас волейболшылармен толықтырыла беріледі. Өйтпесе болмайды. Мысалы, өткен жылы Қазақстан құрамасы Азия ойындарында оныншы орынды иеленді. Ал Азия волейболы қазіргі кезде бәсекеге қабілетсіз болып есептеледі. Яғни әлемдік аренада 20-25-ші орындарда ғана жүр. Қазақстанның орны одан да әріде екенін осыдан-ақ шамалай беруге болады. Мұнымен олимпиада ойындарына, әлем чемпионаты мен кубогына жолдама алу мүмкін емес. Сондықтан, атақты бапкердің пікірінше, ең алдымен ұлттық кадрлар даярлау жүйесін қалпына келтіру қажет. Бұл жүйе өкінішке қарай, жойылып кетті. Қазіргі кезде Қазақстан құрамасы негізінен легионерлерден тұрады. Қазақ волейболынан түлеп ұшқан үш-ақ адам бар. Бұл тәсілдің ешқандай болашағы жоқ. Рас, мұндай жағдай клубта орын алса, ақтауға болар. Алайда ұлттық құрама өз түлектерімізден жасақталуы керек. Бұл үшін кемінде үш-төрт базалық клуб құрылып, оның құрамында жасөспірімдерден бастап ересектерге дейінгі инфрақұрылым болғаны жөн. Команданы күшейту үшін бір-екі легионерді ұстауға болар. Қазір екі-үш клуб қана жас ойыншыларды қатарға қосуда. Қалғандары сырттан келгендер есебінен «күн көруде». Соның салдарынан волейбол өзінің тартымдылығын жоғалтты, ұлттық намыс жоқ. Жас ойыншыларымызда тәжірибе жетіспей жатыр. Қазіргі уақытта әлемдік волейбол қатты дамып кетті. Барлық жерде бұл ойын жүйелі түрде жолға қойылған. Егер мұны бүгін қолға алмаса, ертең мүлде кеш болады. Сол себепті әр мектепте арнайы волейбол кластарын ашып, балалар бапкерлерін қайтадан жинап, оларға барынша жағдай жасаған дұрыс. Кезінде бұлардың көбі жан-жаққа кетіп қалды. Бұған енді жол бермеу үшін жаттықтырушылардың жалақылары да жоғары болуы керек. Соңғы он бес жыл бойы республиканың жасөспірімдер құрамасы халықаралық жарыстарға қатыспаған. Бұдан кейін қандай нәтиже күтуге болады!? Осы сеңді бұзу үшін қазір Нұртай Әбіқайұлы жетекшілік ететін Қазақстан волейбол федерациясы тарапынан көп жұмыс жасалуда. Бұған барлық спорт мекемелері септессе ғана төрт жылда-ақ біраз нәрсеге қол жеткізуге болады. - Геннадий Васильевич, сіз өзіңіз де Қазақстан волейболының түлегісіз, ендеше, бұл өз еліңізге оралғаныңыз ба? - Иә, мен атақты Октябрь Жарылғаповтың шәкіртімін. Жастайымнан волейбол ойнап қана қоймай, 1968 жылы жиырма тоғыз жасымда Риганың «Радиотехнигіне» жаттықтырушы болып кеткенімше бапкерлікпен де айналыстым. Мен баптаған Олег Антропов, Валерий Астанин, Амангелді Сұлтанов, Вадим Кулаков, Александр Портной, Вячеслав Шапран сынды ойыншылар кейін Алматы «Буревестнигінің» негізін құрады. Ал бұл команда 1969 жылы КСРО біріншілігінің жеңімпазы атанып, Еуропа чемпиондарының кубогын ұтып алды. Яғни, бізде үзіліп қалса да, жақсы дәстүр болды. Енді соны жалғау ? басты міндетіміз. Қазақстандағы волейболдың жай-күйіне менің де жаным күйеді. Сондықтан жаңа есімдер аша білсем, бір мақсатымның орындалғаны деп түсінемін. -Қазіргі ел құрамасына жастардан кімдер тартылды, биылғы басты жарыстар қандай? - Оралдың «Конденсатынан» Виталий Вориводин, сондай-ақ жоғары топтағы командаларда өнер көрсететін Виталий Эрштейн (ЦСКА Алматы), Сергей Кузнецовты («ҚазНАУ») байқап көрдік. Тағы екі-үш жасқа сенім артсақ па дейміз. Ұлттық құрама мамыр айынан қазанға дейін түрлі жарыстарға қатысады. Айталық, мамырдың 22-24-інде әлем кубогының екінші айналымы болса, маусымның 17-27-сінде Дубайда Азияның үздік клубтары арасында жарыс өтеді. Егер әлем кубогының үшінші кезеңіне өтсек, оған да қатысамыз. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін турнирге екі команда шығармақшымыз. - Өткен жылы ел волейболы тарихында тұңғыш рет Қазақстан әйелдер құрамасы Бейжің олимпиадасына жолдама алды. Мұндай нәтижені алдағы уақытта ерлерден де күте аламыз ба? - Бұл жетістікке аса бір мақтанудың қажеті жоқ деп есептеймін. Өйткені олимпиадаға қатысқан қыздар құрамасының негізін сырттан келгендер құрады. Қазір бұл тәртіп қатайды. Қыздар құрамасына да кезінде Қазақстан волейболының атын шығарған Нелли Щербакова қайта оралды. Ерлер болсын, әйелдер болсын, біз сол жоғалтқанымыздың орнын толтыра білуіміз керек. Ең бастысы, барлық жұмысымыз әлемдік талаптарға сай болуы қажет. Сонда ғана Қазақстан волейболы биікке көтеріле алады.
Соңғы жаңалықтар