«Қазақстан қылмыскерлерін қайтара ала ма?» - республикалық басылымдарға шолу

***
Мағынасы терең, ауқымы кең «Елдестірмек - елшіден» деген сөз бекерге айтылмаса керек, халық арасында елшілер ежелден ерекше тұлға ретінде қабылданған. Осындай жауапкершілігі аса зор мәртебелі қызметті атқару құрметіне ие болған алғашқы кеңес дипломаттарының бірі, КСРО-ның өкілетті өкілі Нәзір Төреқұлов еді. Өкінішке қарай, халқымыз мақтаныш етуге тұрарлық осы тарихи тұлғаның өмірі бертінге дейін қалың жұртшылыққа белгісіз болып келді. Бұған әртүрлі жағдайлар себеп болды. Ең бастысы, Нәзір Төреқұлов «халық жауы» ретінде (жазықсыз жаламен!) «37-ші» жылғы қуғын-сүргіннің құрбаны болғандықтан ол туралы ақталғанға дейін сөз қозғау мүмкін болмады. Ақталғаннан кейін де «осындай бір қайраткер бар еді-ау?» деп соңына түсіп іздеп, зерттеген ғалым не тарихшы шыққан жоқ. Алаш арыстарын ардақтауға Қазақстанның тәуелсіздік алуы даңғыл жол ашқан болса, Нәзір Төреқұловтай біртуар азаматты «қайта тірілтіп», есімін жаңғыртуға белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, саясат ғылымдарының докторы, дипломат Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров көп еңбек сіңірді. Осы ретте Т.Мансұровпен Н.Төреқұловтың өміріне қатысты өрбіген сұхбат «Егемен Қазақстан» газетінде «Сан қырлы тұлға» деген тақырыппен берілді.
Осы басылымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның үздік педагогтарының форумына қатысушыларына жолдаған құттықтауы жарияланды. Онда Елбасы: «ХХІ ғасырға сай ұрпақ тәрбиелеу - ерекше құрметке лайық іс, ол аса зор жауапкершілік пен ерен еңбекті қажет етеді. Елімізде білім беру саласының материалдық-техникалық, әдістемелік базасын жаңғырту, білікті педагогикалық кадрларды көбейту және оларға қолдау көрсету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қай заманда болмасын мұғалім адамгершілікті, мәдениетті жеткізуші, өз ісіне адалдықтың үлгісі болған. Мұғалім жүрегіндегі мейірімділік пен даналық ешқашан сарқылмасын, өз кәсібіне адалдық оты сөнбесін», - дейді.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаевпен арадағы сұхбат «Ұлттық сана-сезім болмаған жерде педагогика үстемдік таныта алмайды» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ғалым: «Елбасымыздың өзі қазақтың психологиясы теңдессіз, керемет, бірақ зерттелмей жатыр деп айтқан болатын. Бірақ «жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» демекші, халықтың қолпаштауынсыз, шенеуніктердің қолдауынсыз қалып отырған бұл сала жетімсіреп әлі жүр. Жерін сүйетін, елін сүйетін әрбір қазақ баласы ұлтымыздың ұлы мұраттарға жетуі үшін ұлттық психологияны мықтап қолға алуымыз керектігін түсіне білуі қажет. Себебі Қазақстанның ұлт үшін қызмет ететін салаларының арналары ұлттық психологиясыз тоғыса алмайды», - дейді.
«Арқанкерген» шекара бекетінде әскери қызметкерлерді өлтіру дерегі бойынша қозғалған істің тергеу жұмыстары аяқталды», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның ҚР Бас әскери прокуратурасының баспасөз хатшысы Ақбар Әбділдинге сілтеме жасап жазуынша, бұған дейін 15 адамды өлтірді деп айыпталған Владислав Челахқа тағы бір бап бойынша айып тағылып, барлығы 9 қылмыс жасағаны жайлы іс қозғалып отыр. Мақала «Арқанкерген оқиғасына қатысты тергеу аяқталды» деген тақырыппен берілген.
***
Сексен-тоқсан жасында тоқалына ұл таптырған қазақтың ұрпағы ұсақталып барады. Бұлай демеске амалымыз жоқ. себебі бүгіндері еліміздегі ер-азаматтардың 30 пайызы түрлі деңгейдегі белсіздікке ұшыраған. Енді қазақ әйелдерінің Жетпісбай, Сексенбай тұрмақ, Алпысбай есімді балаларды тууы неғайбыл болып тұр. «Айқын» газетінің жазуынша, бұл туралы кеше Астанада басталған «Ерлер денсаулығы, өмір сапасы, салааралық көзқарасы» тақырыбындағы Қазақстан урологтарының пленумында айтылған. «Мақала «Ерлердің 30 пайызы белсіз. Неге?» деген тақырыппен берілген.
«Айқын» газетінің жазуынша, Біріккен Араб Әмірліктеріне Қазақстан билігінің бір топ өкілі суыт аттанады. Бұл тұлғалар осы бағытты бетке алып, тайып тұрған қылмыскерлерді қайтаруға тәуекел етіп көрмек. Кеше өткен Сенаттың жалпы отырысынан шыққан еліміздің бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель журналистерге осыны хабарлаған. «Ол араб еліне барып жасырынған қазақстандық қашқын қылмыскерлердің ең бір «шортаны» - Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы, 2009 жылғы халық санағына бөлінген миллиондарды «қалтасына басты» деп айыпталған Анар Мешімбаева екендігін жасырмайды, қылмыскерді экстрадициялау жөніндегі басты келіссөздер де «атқамінер» ханымның айналасында жүретінге ұқсайды», - деп жазады басылым. Мақала тақырыбы - «Қазақстан қылмыскерлерін қайтара ала ма?».