Қазақстан қырғыз елімен жақсы көрші болуға мүдделі - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғыз халқымен достық көршілік байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Біздің бағытымыз белгілі. Қырғыз елі, халқы бізге өте жақын. Тіл, мәдениет, әдет-ғұрып жағынан да баяғыдан бері келе жатқан жақындығымыз бар. Зиялы қауымның, жазушылардың, ақындардың, жастардың, яғни барша халықтың өзара байланыстары орнаған. Сондықтан Қазақстан қырғыз елімен қоян-қолтық араласып, жақсы көрші болуға мүдделі», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Осы орайда Елбасы қарапайым халықтың өмірін қиындатпай, екі елдің қарым-қатынасын дамытып, сауда-саттық пен өзара байланыстарды нығайту қажеттігін қадап айтты.

Айта кетерлігі, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков кездесті . 

Еске сала кетсек, 22 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жетекші БАҚ өкілдеріне 2017 жылды қорытындылауға арналған сұхбат берді. Онда қазақ қоғамындағы елеулі өзгерістер мен өзекті мәселелер туралы журналистер сұрағына жауап берді. Аталмыш сұхбаттың телевизиялық нұсқасы бүгін республика телеарналардың эфирінен көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар