Қазақстан Қырғызстанға газ жеткізетін болады - К.Мәсімов

Бірлескен қорытынды брифинг кезінде К.Мәсімов хабарлағандай, келіссөздер нәтижесінде энергетика мен ауылшаруашылығы саласында бірталай маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Нақтырақ айтар болсақ, тараптар Қырғызстаннан Қазақстанға қосымша электр энергиясын сатып алу туралы келісті. Қырғыз энергиясы Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан индустриясына қосымша мүмкіндіктер береді. Ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанның оңтүстік аймақтарына суды жеткізу бойынша су мәселелері шешілді.
«Бұл біздің Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары үшін маңызды, және ол Қырғызстан экономикасына да пайдалы», - деді К.Мәсімов.
Келісімдердің маңыздыларының бірі қазақстандық газды Қырғызстанға жеткізуге қатысты болды. «Қырғызстанда қазақстандық газ бен жылу болады, және мұны таяу уақытта әр қырғызстандық сезіне алады. Қазіргі уақытта шаруашылық субъектілер техникалық келіссөздерді жалғастырады. Қазақстандық тараптан отынның жеткізушісі отандық «ҚазМұнайГаз» операторы болады», - деп қосты ҚР Премьер-Министрі.
Сонымен қатар тараптар бірлескен инвестициялық қор құру туралы да келісті. ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, таяу уақытта Бішкекте офисінің ашылуы болады.