Қазақстан Қысқы Олимпиада ойындарынан қанша медаль еншіледі

ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Төрткүл дүние көз тіккен Оңтүстік Кореядағы XXIII Олимпиада ойындары бүгін мәресіне жетті. Бұл Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі қатысып отырған жетінші Ақ Олимпиада.
None
None

Сонымен, қазақстандық спортшылар соңғы Пхенчхандағы бәсекені қоса алғанда Олимпиада ойындарынан қанша жүлде алды?

Қысқы Олимпиада ойындары тарихында Қазақстан үшін алғашқы медальді қостанайлық шаңғышы Иван Гаранин жеңіп алған болатын. Гаранин 1976 жылы Инсбрук қаласында өткен XII Олимпиада ойындарында екі қола медаль жеңіп алды. Ал 1988 жылы Калгариде өткен XV Олимпиада жарыстарында шаңғышылар Владимир Саханов - күміс, Владимир Смирнов қос күміс пен қола медаль алды.

Ал 1994 жылы өткен XVII Қысқы Олимпиадаға Қазақстан алғаш рет тәуелсіз мемлекет ретінде қатысып, қанжығасына 1 алтын, 2 күміс медаль салған болатын. Бұл үш медальдың үшеуін де шаңғышы Владимир Смирнов алып берді. Осы жүлделердің арқасында еліміз жалпыкомандалық есепте 12-орынға тұрақтады.

Міне, сол уақыттан бері Қазақстан спортшылары Қысқы Олимпиада ойындарынан бірде-бір алтын жүлде ала алмай келеді. Бұл жолғы Олимпиада ойындарында халық шаңғышы Алексей Полторанин алтын медаль алады деп күткен еді. Өкінішке қарай ол үздік ондыққа да кіре алмады.

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен XVІІІ Ойындарға тағы да шаңғышы Владимир Смирнов қатысып, «қола» еншіледі. Сондай-ақ конькимен жүгіруші Людмила Прокашеваға да қола медаль бұйырды. Өкінішке қарай, 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен XІХ-ыншы және 2006 жылы Италияның Турин қаласындағы XХ-ыншы Ойындарда отандастарымыздың ешбірі жеңіс тұғырынан көріне алған жоқ.

Ал 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында жалауы желбіреген ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальді жеңіп алды.

2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы ойындарда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қос бағдарлама бойынша 255,1 ұпай жинап, Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды. Алайда, биыл Денис Тен қысқа бағдарламада үздіктер қатарынан шығып қалып, жарысты орта жолда аяқтады.

Міне, биыл соңғы Олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтті. Қоржынымызға жалғыз қола медаль түсті. Оны фристайлдан сынға түскен Юлия Галышева жеңіп алды.

Қазақстанның Қысқы Олимпиада ойындарында алған медальдар саны:

1994 жыл
1 алтын, 2 күміс медаль

1998
2 қола медаль

2002 және 2006 жылдары жүлде болған жоқ

2010 жыл
1 күміс медаль

2014 жыл
1 қола медаль

2018 жыл
1 қола медаль

Міне, көріп отырғандарыңыздай Қазақстан қысқы Олимпиада ойындарынан ұзын-саны 8 медаль жеңіп алған. Оның біреуі алтын, үшеуі күміс, төртеуі қола медаль.

Соңғы жаңалықтар