«Қазақстан-Қытай» газ желісінің алғашқы бөлігінде дәнекерлеу жұмыстары аяқталды

Бұл туралы бүгін Алматы облысындағы Талғар ауданы Еламан ауылында ресми түрде жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Екі ел арасындағы құбыр желісінің алғашқы бөлігінің қосылуы шарасына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ президенті Қайыргелді Қабылдин, Алматы облысы әкімінің орынбасары Амандық Баталов, қытайлық CNPC мұнай компаниясы төрағасының орынбасары Ван Дун Цзинь мен жобаны жүзеге асырушы компанияның өкілдері қатысты. Бұл жоба Түрікменстанның табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жеткізу мақсатында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Қазақстанның батыс өңіріндегі табиғи газды Қытайға, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласына тасымалдау жүзеге асырылады. Бұл «Азиялық газ құбыры» ЖШС жүзеге асырып жатқан Қазақстандағы ең ірі халықаралық жобалардың бірі саналады.
Газ құбыры Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан басталып, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының аумағынан Қытаймен шекаралас Қорғас бекетіне дейін жеткізіледі. Құбыр желісінің жалпы ұзындығы 1304,5 шақырымды құрайды. Газ құбыры 2 бөліктен тұрады. Бұның алғашқы бөлігі 2008 жылдың қараша айында басталып, биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілу жоспарланған. Бірінші бөліктің өткізу мүмкіндігі жылына 4,5 миллиард шаршы метр. Ал екінші бөліктің құрылысы 2008 жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Жоспар бойынша 2010 жылдың шілде айында пайдалануға берілмек. Өткізу мүмкіндігі жылына 10 миллиард шаршы метр. Газ желісінің жобалық мерзімі 30 жыл.Жобаны жүзеге асырушы «Азиялық газ құбыры» ЖШС Бас директоры Бейімбет Шаяхметовтің айтуынша, газ құбырының бойына 7 сығымдағыш станса салынбақ. Оның 5-еуі 2009-2010 жылдары салынады. Ал құбыр желісі мен сығымдағыш стансылардың қызметін жүзеге асыру үшін қазақстандық мамандар Бейжің мұнай университетінде білім алмақ. Бұл бағдарлама бойынша биыл 20 адам, 2010 жылы 20 адам оқиды. Б.Шаяхметовтың айтуынша, биыл бірінші бөлігінің пайдалануға берілу жұмыстары толық аяқталып, Қытайға газ тасымалдана бастайды. Ал толық пайдалануға берілген соң құбыр желісі арқылы жылына 30 миллиард шаршы метр газ тасымалданады. Бұл тасымал желісінің пайдалануға берілуі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын да газбен қамтуға мүмкіндік туғызбақ.