Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы қалай дамып келеді

Осы жылдың 14 қыркүйегінде жоспарланған ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп, одан әрі дамуына мүмкіндік бермек. Айта кету керек, бұл Қытай басшысының жаһанды жайлаған пандемиядан кейінгі алғашқы шетелдік сапары болмақ. Екі елдің бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары, сауда-саттық қарым-қатынасы, мәдениет және білім саласындағы байланысы жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.
Қазақ-қытай елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр. Содан бері екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту мақсатында бірқатар құжатқа қол қойылды. Мәселен, 1995 жылы Қытай үкіметі ядролық держава ретінде Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік берді. Ал 1999 жылы екі мемлекет арасындағы шекара мәселесі толығымен шешіліп, Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында тиісті келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта екі мемлекет арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау жұмыстары толығымен аяқталды.
«Шанхай бестігі» шеңберінде 1996 жылы Шанхайда және 1997 жылы Мәскеуде қол қойылған шекаралық аймақтағы әскери салада сенім орнату және шекаралық аймақтағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімдерге сәйкес, қос тарап шекаралық аймақта орналасқан қарулы күштерді қысқартуға және олардың жағдайын жыл сайын бірлесіп тексеруге келісті. Қазір мұндай тексерулер бес мемлекеттің (Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан) қатысуымен жылына екі рет жүргізіледі.
Екі ел арасындағы экономикалық байланыс
1992 жылдан бастап 2021 жылға дейін Қазақстан-Қытай саудасы 368 млн АҚШ долларынан 25,25 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 70 есеге жуық өсті. Ал осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда көлемі 17,7 млрд АҚШ долларына жетіп, жылдық есеппен 20%-ға артты.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай мемлеткеттері бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар саны да аз емес. Мәселен, Шымкент мұнай өңдеу зауыты, Жаңатас қаласындағы жел электр станциясы, қуаты жылына 500 000 тонна полипропилен өндіретін Атырау мұнай-химия кешені және Тұрғысын су электр станциясы секілді бірқатар стратегиялық ірі ауқымды жобалар қос ел ынтымақтастығының одан әрі артуына септігін тигізуде.
Қазақстан-Қытай транзиттік тасымалдары және халықаралық құрлықтағы-теңіздегі мультимодальдық тасымалдар айтарлықтай табысқа жетті. Екі тарап та тұрақты түрде жұмыс істейтін 7 порт, мұнай мен газды тасымалдауға арналған 5 трансшекаралық құбыр желісін, 2 трансшекаралық теміржол магистралін және халықаралық шекара маңы ынтымақтастығының орталығын ашты. Биыл бірінші жартыжылдықта Қытай-Еуропа пойыздарының 6 195 пойызы Шыңжаңның екі порты арқылы Қазақстанға өтіп, жаңа рекорд орнатты. Пандемия жағдайында Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың дұрыс дамуы халықаралық өндірістік тізбек пен жеткізілім тізбегін тұрақтандыруда маңызды рөл атқарды.
Отандық өңделген тауарлар экспорты 17,8%-ға өсті
Жалпы Қытай – Қазақстанның ірі сауда және стратегиялық серіктестерінің бірі екені белгілі. Қос мемлекет арасындағы сауда қарым-қатынасын жандандырып, қазақстандық тауарларды Қытайға экспорттау көлемін ұлғайту – үкіметіміздің басты бағыттарының бірі деуге болады. Мәселен, өткен жылдың соңында Қазақстанның Қытайға экспорты 9,9 миллиард долларды құраса, оның ішінде 4,5 миллиард доллары өңделген өнімдерге тиесілі.
Еске салайық, Қазақстан Президенті ел үкіметіне өңделген өнімдердің экспортын ұлғайтуды міндеттеген еді. Оған қол жеткізу үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі QazTrade-пен бірлесіп үшінші жыл қатарынан Экспортты жеделдету бағдарламасы бойынша мақсатты нарықтардың бірі ретінде Қытайды таңдады. Жобаға қазақстандық шикізаттық емес тауарлар мен қызметтерді өндірушілер қатысып жатыр. Оларға сыртқы нарыққа шығу кезінде жан-жақты қолдау көрсетіледі, оның ішінде сенімді серіктестер іздеу және олармен іскерлік кездесулер ұйымдастырылуда.
Бағдарлама аясында отандық өндірушілердің тауарлары Шанхайда (2020-2021) жыл сайынғы халықаралық көрмеде екі рет ұсынылды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 100 миллион доллардан астам экспорттық келісімшарт жасалған еді.
Қазақстаннан Қытайға қандай өнімдер экпортталады?
Биыл Қазақстаннан Қытайға өңделген тауарлар экспорты 17,8%-ға өсіп, 1 млрд долларды құрады. Мысалы, мыс және мыс катодтары, өсімдік майлары, титан және одан жасалған өнімдер, жарма немесе өңделген бұршақ дақылдарының қалдықтары, циклдік көмірсутектер және т.б. сияқты тауарлардың жеткізу көлемі артқан. Қаңтар-наурызда Қытайдан Қазақстанға өңделген тауарлар импортының көлемі 2,1 млрд долларды құрады. Қазақстан Қытайдан ауа баптау қондырғыларын, компьютерлерді, топырақты сұрыптауға және ұнтақтауға арналған жабдықтарды, көтеруге, жылжытуға, тиеуге немесе түсіруге арналған машиналар мен құрылғыларды, электр генераторлық қондырғыларын, шиналарды, телефондарды импорттайды.
Жылдың алғашқы үш айында Қытайдан Қазақстанға әкелінетін бірқатар тауар түрі азайған. Олардың қатарында аяқ киім мен шұлық бұйымдары, төсек-орын, үстел төсеніштері, дәретхана мен ас үй маталары, арнайы машиналар мен механикалық құрылғылар, компрессорлар мен вентиляторлар бар.
«Бір белдеу, бір жол» жобасы
Бұдан бөлек ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бұл сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы «Бір белдеу, бір жол» бірлескен жобасына да жаңа серпін бермекші. 2013 жылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға келді, сөйтіп «Белдеу және жол» жобасын бірлесіп жүзеге асыру басталған еді. Қазақстан әлемде «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жария еткен бірінші елге айналды. Айналдырған тоғыз жыл ішінде Қытай аталмыш жоба аясында 149 елмен және 32 халықаралық ұйыммен ынтымақтастық туралы 200-ден астам құжатқа қол қойды. Биылғы мамыр айындағы жағдай бойынша, оның бойындағы елдермен сауданың жалпы көлемі шамамен 11,8 трлн АҚШ долларын құрады. Ал тікелей инвестиция 140 млрд АҚШ долларынан асады.
Екі ел арасындағы денсаулық сақтау, жасыл экономика, цифрландыру, инновация және басқа да салаларды дамыту бойынша да бірқатар жоба іске асып жатыр. Оған қоса ынтымақтастықты тұрақты дамыту үшін «Жасыл» Жібек жолы», «Цифрлы Жібек жолы» жобалары да жүзеге асуда.
Ақтөбе мен Сианда мәдени орталықтар мен бас консулдықтар құрылмақ
Бұдан басқа мәдениет саласындағы ынтымақтастықты да жаңа деңгейге көтеру мақсаты қойылып отыр. Дипломатиялық келісімге қол қойылған 30 жыл ішінде қытайлықтар мен қазақстандықтар арасындағы байланыс пен мәдени алмасулар одан әрі тереңдей түсті. Қытай Қазақстанда жыл сайын 3000-нан астам адамға қытай тілін үйретуді қолға алып, 5 «Конфуций институтын» ашты. «Қытай тілінің көпірі», «Қытай жазғы лагері» және «Қытай әндерінің байқауы» сияқты іс-шаралар қытай тілінің дамуына септігін тигізуде. 2021 жылдың соңына қарай екі елдің жоғары оқу орындарында оқитын студенттер саны 15 100-ді құраған.
Қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңдері де Қытайда өте танымал, ал Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің есімі Қытайда ғана емес, төрткүл дүниеге жайылды.
Осы жылдың шілдесінде Қытай мен Қазақстан тікелей әуе қатынасын қайта жандандырды. Қазақстан Қытай азаматтары үшін 14 күндік визасыз режим енгізді. Қазіргі кезде Қазақстан мен Қытай Сиань мен Ақтөбеде мәдени орталықтар мен бас консулдықтарды құру мәселесін қарап жатыр. Сондай-ақ Қазақстандағы қытай медицинасы орталықтары да ашылып, екі ел арасындағы медицина саласы бойынша қарым-қатынастың дамуына ықпал етіп отыр.
Қазіргі таңда әлем өзгеріп жатыр. Жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы да әлем елдерін біраз сарсаңға салды. Осындай алмағайып заманда Қазақстанның да, Қытайдың да алдында ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, ұлттық даму мен жаңғыруды жүзеге асырудың тарихи міндеті тұр. Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары барысында екі елге ортақ құндылықтарды жетілдіру, сауда-экономикалық байланысты нығайту, Қазақстан мен Қытай достық қарым-қатынасының жаңа деңгейге көтеру мақсатында бірқатар келіссөз жүргізіледі деп жаспарланған..