Қазақстан-Қытай саудасын жеңілдету үшін қандай шаралар атқарылады

"Тараптар экономикалық жаһандану мен сауданы ырықтандыруға атсалысып, бәсекелестіктің әділ шарттарын, ашық, толерантты, тепе-тең әрі өзара тиімді экономикалық саясатты жүргізуге мүдделі", - делінген бірлескен мәлімдемеде.
Қазақстан мен Қытай сауданы барынша ұлғайтып, екіжақты тауар айналымын арттырудың тың жолдарын пайдаланады. Осы орайда өткізу бекеттерін салу сияқты шекара инфрақұрылымын дамыту, кедендік бақылау, тексерістердің нәтижелерін өзара тану, құқық қорғау саласында ақпарат алмасу, сондай-ақ xалықаралық сауданың "бір терезе" жүйесін құру саласында тығыз жұмыс жасау жоспарланған. Екі елдің үкіметтері "Қорғас" xалықаралық орталықтың тиімділігін арттыруы қажет. Қазақстан мен Қытай басшылары министрліктер деңгейінде үйлестіру меxанизмін құруды қолдады. Соның арқасында ортақ жоспарларды барынша үйлестіріп, тиімді іске асыруға болады.
Бұдан бөлек, тараптар теміржол желісімен xалықаралық жүк тасымалын ұлғайтуға келісті. Соның ішінде "Қытай-Қазақстан-Орталық Азия", "Қытай-Қазақстан-Еуропа", "Қытай-Қазақстан-Парсы шығанағы елдері" сияқты бағыттар бар. Алдағы уақытта логистикалық шығындарды азайту, кедендік рәсімдерді жеңілдету, жүк тасымалы үшін тиімді шарттар жасалады. Жалпы, Қазақстан мен Қытайдың басшылары "Бір жол, бір белдеуді" құру шараларына оң баға беріп, "Нұрлы жол" бағдарламасын аталған бастамамен ұштастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықтың көлемі 10,4 млрд долларды (2016 жылмен салыстырғанда, 32,6 процентке артық) құрады. Соның ішінде 5,8 млрд доллар қазақстандық экспорт болса, Қытайдан келген импорт 4,7 млрд долларға көтерілді.
Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға жасаған ресми сапары барысында екі елдің басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойған болатын. БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Елбасы ұлттық валютамен сауда-саттық жүргізу не үшін қажет екенін айтты. Сондай-ақ, Президент қытайлық бизнесмендерге «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы жайында айтып берді.