Қазақстан-Латвия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының отырысында көлік және транзит, туризм және ІТ саласындағы ынтымақтастық талқыланды

ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыс Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаевтың және Латвия Республикасының Экономика министрлігі мемлекеттік хатшысы Юрис Пуцтың төрағалығымен өтті.
Комиссия отырысы шеңберінде көлік және транзит, туризм, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет және т.б. салаларындағы екі жақты ынтымақтастықтың даму бағыттары талқыланды.
2010 жылы 22 қыркүйекте Ригада 3-ші отырысы өткені белгілі. Бұл отырыстың қорытындысында Қазақстан мен Латвияның Жұмыс берушілер конфедерацияларының қарамағында Қазақстан мен Латвия арасында іскерлік ынтымақтастықты құруға келіскен болатын. 2010 жылғы қыркүйек айында екі елдің конфедерациялары ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Кеңестің төрағалары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті А.Мамин мен «Латвия темір жолдары» мемлекеттік акционерлік қоғамының басқарма төрағасы У.Магонис болып табылады.
3-ші ҮАК отырысында қол жеткізген келісімдерді жүзеге асыру мақсатында 2011 жылдың қыркүйегінде ҚР мал дәрігерлік ұлттық орталығы мамандарын оқыту үшін «Bior» (Латвия) азық-түлік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау ғылыми иститутының лабораториялық және мал дәрігерлік мамандарының сапары ұйымдастырылды.
1992 ж. 10 желтоқсанда - Қазақстан Республикасы мен Латвия Республикасы арасында дипломаттық қарым-қатынастар орнатылды.
Қазақстан мен Латвия арасындағы тауар айналымы 2011 жылы 228,6 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде сыртқа экспорт 183 млн. АҚШ долларын, импорт 45,6 млн. АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар, 2010 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Латвия арасындағы тауар айналымы 201,5 млн. АҚШ долларын құраған. Оның ішінде сыртқа шығару (экспорт) 135,6 млн. АҚШ долларын, ішке енгізу (импорт) 65,9 млн. АҚШ долларын құрады.