Қазақстан латын әліпбиінен не ұтады?

Алашорда үкіметінің жетекшілерінің бірі Халел Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі - бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», - деген пікірді айтқан. Көріп отырсақ, осы сөздер әлі де болса өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. XX ғасыр басында Алаш қайраткерлері көтерген тіл мәселелесі, бүгінгі XXI ғасырдың да ең өзек-жарды мәселесі болып қала берді.
Ғылымда жоқ тіл - дамыған қоғамда орныға алмайды. Тіпті алдағы 10-15 жылда өмірімізге электронды әлем, виртуалды кеңістік дендейді. Бірақ біз қазақ тілін ғылым мен техника тіліне айналдыра алмай келеміз. Оны мойындауымыз керек. Қазірдің өзінде математика, физика, химия, биология, медицина, кибернетика, ғарыш салалары қазақша сөйлемейді. Құрылысыңыз да, энергетикаңыз да, қаржы саласы да мүлдем қазақшадан жұрдай. Түсініксіз жазылған, қазақша аударылған мардымсыз кітаптар мен оқулықтар бар әрине, бірақ негізгі оқулықтардың барлығын өзге тілден ғана табасыз. Өнер мен мәдениет, әдебиетте қазақ тілінің бары рас, жыр, эпос, ауыз әдебиеті жағынан келер болсақ, қазақ тіліне ілесетін тіл жоқ әлемде, алайда ол бүгінгі қоғамның, жалпы, ғылымның 10 пайызынан аспайды.
ХХІ ғасырда қоғамды нақты ғылымсыз дамыту мүмкін емес. Егер біз қазақ тілін нақты ғылымға енгізе алмасақ, бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз қиын. Себебі бүгін тілдің байлығы ғылымды алумен өлшенеді!
Соңғы он жылда шығып жатқан технологиялардың қарқыны сұмдық жылдам. Біз оның соңынан ілесіп үлгере алмай жатырмыз. Әлемдік үздік технологияның жазуы латынша болғандықтан, қазақ тілі заманға икемсіздік танытып, өркениеттен бірте-бірте алыстатып барады. Сондықтан, латын қарпіне ауысу мәселесі біздің елде бекерден бекер көтеріліп жатқан жоқ. Бұл - ұлт болып жоғалып кетпеудің басты амалдарының бірі.
Қазақстанда латын әліпбиі мәселесі он шақты жылдан бері қоғам деңгейінде қызу талқыланып, талданып келеді. Бұны жете зерттеген мамандардың айтуынша, қазір латын әліпбиінің дайын 11 нұсқасы бар. Алайда бұл науқанға қарсы пікір айтып жатқандар да аз емес. Олардың пікірі бойынша, тұтас бір буын тілдік байланыстан үзіледі екен. Дегенмен, қазақ тілі латынға көшсе, тілді жаңаша реформалауға мүмкіндік туады. Әріптеріміз де қысқарады, сөзіміз де қысқарады. Екінші жағынан, бұл - әлемге тарыдай шашылған этникалық қазақтардың қолданатын қарпі. Ортақ әліпби оларды біріктіріп, тұтастандырады. Осылайша рухани өзегінен айрылмауына жағдай жасайды.
Мейлі ол латын, мейлі ол кириллица болсын, бізге қазір қазақ тілінің қоғамның бәсекелестігін арттыратын тіл ретінде қалыптасқаны керек. Латын қарпіне көшу - техника мен технологиялардың, ғаламтор мен электрониканың қазақша сөйлеуіне үлкен серпін береді. Қаріп өзгергенмен, тілдің жаны өзгермейді.
Елбасы өз сөзінде «2025 жылға дейін латын қарпіне көшіп бітуіміз керек» деген тапсырма берді. Он жылдан астам уақыт талқыланып келе жатқан тартысқа Президент осылайша нүкте қойды. Енді талқыны қойып, зерттеулер жүргізуді және латын қарпіне көшуді кезең-кезеңімен жүзеге асыруды бастауымыз қажет сыңайлы. Латын қарпіне көшу екі-үш жылда бітіре қоятын науқан емес. Ол үшін латын әліпбиіне көшкен Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан - үш түркітілдес республикалардың тәжірибесін зерттеп, қарастыру қажет шығар.
Түркияда латын әліпбиіне өту кезеңі бар-жоғы 1 жылға ғана созылды. 1928 жылдың 1 қарашасында М.К.Ататүрік «Жаңа түрік әріптерінің қабылдануы мен қолданылуы туралы» Заң шығарды. Бұл заң бойынша 1929 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің латын әліпбиіне өтіп, араб графикасын қолдануына рұқсат берілмеді. 1929 жылдың 1 маусымына дейін ғана қатар қолданылып келген араб графикасына іс-қағаздар жүргізуде мүлдем тыйым салынды. Латын әліпбиіне өту кезеңінде негізгі күш әкімшілік жүйеге берілді. Соның нәтижесінде жаңа әліпбиге өту кезеңі қысқа болды.
Әзербайжан елі болса, бұл науқанға аттай он жыл сарп етті. Бұрын бұл елде қолданылған латын графикасындағы әліпби азын-аулақ өзгертіліп, 1991 жылғы кезеңнен бастап латын қарпіне өтуге дайындық жүргізілді. Біртіндеп елдің білім беру және басқару жүйелері қатар өтті. Әзербайжан ғалымдарының айтуынша, 1991 жылы Әзербайжанда түрік тілінің нұсқасындағы әліпби қабылданды. Ең алғашында орта білім беретін мектептің бірінші сыныбы мен басқа сыныптары латын графикасында білім ала бастады, 5-6 жылдың ішінде барлық ісқағаздары кезеңімен жаңа қаріпке көшірілді, сонан соң осы аралықта барлық мемлекеттік мекемелер латын жазуына өтті де, соңында барлық БАҚ латын әліпбиіне ауысты.
Сөйтіп, өту кезеңінің соңында ӘР Президенті Гейдар Әлиев 2001 жылдың 18 маусымында «Мемлекеттік әзербайжан тілін қолдануды жетілдіру туралы» Жарлық шығарады. Процестің аяқталғанының белгісі ретінде Республика Президентінің 2001 жылдың 9 тамызындағы «Әзербайжан тілі мен әзербайжан әліпбиінің күнін өткізу туралы» Жарлық қабылдады.
Бір артықшылығы латын графикасына көшкен кезде түркітілдес басқа халықтар да латын әліпбиін қабылдаған болатын, сондықтан түркі әлеміне ортақ жазу ортақ ақпарат алмасуға қолайлы болды. Қазақстан егер латын әліпбиін қабылдайтын болса, түркі жұртымен жақындығы тереңдей береді. Ең бастысы - біз өзіміздің диаспоралармен, атап айтқанда, Түркия мен Еуропадағы қандастарымызбен қарым-қатынасымызды жақындата түсеміз. Қытай диаспорасы да «егер Қазақстан латын әліпбиіне көшер болса, біз де көшуге дайынбыз» деп қолдап отыр. Жалпы латын қарпіне көшу қазіргі заманғы техника тіліне жақындау, түбі бір түркі елдерімен ортақ кеңістікке қол жеткізу ғана емес, еліміздің ішінде жүріп, тілі мен ділі басқа болып кеткен жастарымызды өз ортамызға қайта тартар қадамдардың бірі болар еді. Бастысы - тіліміз жаһандану заманында дамудың жаңа сатысына көшіп, қазақ тілінің ғылым тіліне айналуына септігін тигізеді.