Қазақстан Ливияға астық пен ет экспортын ұлғайтуды көздейді

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан мен Ливия ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын кеңейтіп, әсіресе қазақстандық астық пен ет жеткізіліміне басымдық беруді көздеп отыр. Екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Ливия Мемлекетінің Ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы министрі Абдул Латиф Мохаммед Аль-Тахер Хоснидің кездесуінде талқыланды.

Қазақстан Ливияға астық пен ет экспортын ұлғайтуды көздейді
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Айдарбек Сапаров Ливиямен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және отандық агроөнеркәсіп өнімдерінің Солтүстік Африка нарығындағы үлесін арттыру маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

-Біз Ливия нарығына сапалы әрі бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайтуға дайынбыз. Ең алдымен, бұл астық дақылдары, сиыр және қой етіне қатысты. Біздің міндетіміз – қолда бар әлеуетті нақты сауда жобаларына айналдыру, іскерлік байланыстарды кеңейту және Ливия нарығының қажеттіліктеріне сай тұрақты жеткізу арналарын қалыптастыру. Қазақстанның осы жоспарларды жүзеге асыруға жеткілікті ресурстық мүмкіндігі бар, – деді министр отандық агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін таныстыра отырып.

Қазақстанның өндірістік әлеуеті экспорт географиясын кеңейтуге берік негіз қалайды. Соңғы екі жыл қатарынан елімізде астық түсімі 27 млн тоннадан асты. Майлы дақылдар тұқымының өндірісі 4,8 млн тоннаға, ал бұршақ дақылдарының көлемі 1 млн тоннадан жоғары болды. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты екі есе өсіп, 7 млрд АҚШ долларынан асты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 15,3 млн тонна астық экспортталды. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға көп.

Экспорт бағыттарын әртараптандыру және жаңа нарықтарды игеру агроөнеркәсіп саласын дамытудың негізгі басымдықтары қатарында қалып отыр.

Абдул Латиф Мохаммед Аль-Тахер Хосни ауыл шаруашылығы саласындағы халықаралық байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, тиісті мемлекеттік органдардың тікелей өзара іс-қимылы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындауға және екіжақты өнім жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

-Біз ынтымақтастықты кеңейтуге, кәсіби тәжірибе алмасуға және өзара өнім жеткізуге қосымша мүмкіндіктер жасауға мүдделіміз. Тікелей диалог өзара тиімді бағыттарды айқындап, сауда-экономикалық қарым-қатынасымызға жаңа серпін беретініне сенімдімін, – деді министр.

Тараптар қазақстандық ет өнімдерінің экспортын кеңейту перспективаларына да ерекше назар аударды. Қазіргі таңда Қазақстанда ірі қара мал саны 9,3 млн басқа, ал ұсақ мал саны 24,3 млн басқа жетеді. Бұл көрсеткіштер мал шаруашылығын дамытуға және отандық ет өнімдерін шетелдік нарықтарға жеткізу көлемін арттыруға қажетті елеулі ресурстық әлеуетті қалыптастырады.

Экспорттық әлеуетті іс жүзінде іске асыру мақсатында тараптар ветеринариялық және фитосанитариялық ынтымақтастық, өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сауда рәсімдерін жетілдіру мәселелерін қарастырды. Жеткізілетін өнімдерге қойылатын талаптар мен оларды Ливия нарығына шығаруға рұқсат беру шарттары алдағы уақытта пысықталмақ.

Осыған дейін Қазақстанның Камбоджаға бидай мен ет экспорттауды көздеп отырғаны туралы жаздық.