Қазақстан Камбоджаға бидай мен ет экспорттауды көздеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Камбоджа ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейтіп, экспорт көлемін арттыруды, сондай-ақ өнім өңдеу және инвестиция тарту бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруды жоспарлап отыр.

Қазақстан Камбоджаға бидай мен ет экспорттауды көздеп отыр
Фото: АШМ

Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Камбоджа Корольдігінің Ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және балық шаруашылығы министрі Дит Тинамен кездесуінде айтылды.

— Қазақстан Камбоджамен аграрлық әріптестікті нығайту үшін зор әлеуетке ие. Елімізде астық және ет өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беретін дамыған шикізат базасы мен өндірістік мүмкіндік бар. Біз экспорт аумағын кеңейтуге, сауда байланыстарын нығайтуға және өзара тиімді бастамаларды іске асыруға мүдделіміз. Осы мақсаттағы жүйелі жұмыс екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін, — деді Айдарбек Сапаров.

Қазақстан Камбоджаға бидай мен ет экспорттауды көздеп отыр
Фото: АШМ

Басым бағыттардың бірі — астық саудасын дамыту. Бұл салада еліміздің әлеуеті жоғары. Мәселен, соңғы екі жыл қатарынан астық дақылдарының жалпы түсімі 27 млн тоннадан асты. Өткен жылы астық экспорты 15,3 млн тоннаға жетіп, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға өсті. Бұл — соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Осы мүмкіндіктерді ескере отырып, Қазақстан тарапы жергілікті нарықтың қажеттіліктерін, өнім сапасына қойылатын талаптарды және логистикалық жағдайларды назарға ала отырып, Камбоджаға бидай жеткізу мәселесін пысықтауды ұсынды.

Кездесу барысында ет өнімдерінің экспортын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тараптар қазақстандық сиыр және қой етін, оның ішінде халал талаптарына сәйкес келетін өнімдерді жеткізу жолдарын қарастырды.

Өз кезегінде Дит Тина қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің, соның ішінде алма мен ет импортының көлемін ұлғайтуға мүдделі екенін білдірді. Сондай-ақ балық өсіру саласындағы сауда байланыстарын дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

— Біз Қазақстанмен аграрлық саладағы әріптестікті нығайтуға мүдделіміз. Кездесу өзара сауданы күшейтуге мүмкіндік бар екенін көрсетті. Келісілген бағыттар бойынша жұмысты жалғастырып, негізгі уағдаластықтарды ынтымақтастық туралы меморандуммен бекітуді ұсынамыз, — деді мәртебелі мейман.

Алдағы жұмысты үйлестіру мақсатында Айдарбек Сапаров бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды. Топ өзара өнім жеткізу шарттарын пысықтау, екі елдің нарықтарына ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға қатысты мәселелерді шешу, өндірушілер мен импорттаушылар арасында тікелей байланыс орнату, сондай-ақ өнім өңдеу және инвестиция салаларындағы бірлескен жобалардың мүмкіндіктерін бағалау жұмыстарымен айналысады.

Кездесу соңында тараптар екі ел арасындағы серіктестікті нығайтуға жан-жақты дайын екендерін жеткізді.

Әсіресе, сауда байланыстарын дамытуға және бірлескен бастамаларды тиімді жүзеге асыруға баса көңіл бөлінбек.

Еске салсақ, 17 қазанда Камбоджа Премьер-министрі Қазақстанға ресми сапармен келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Президент Камбоджамен цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды.