Қазақстан Лондон-2012 Олимпиадасына 45 жолдама ұтып алды - Спорт комитеті

Бұл туралы бүгін Астанада баспасөз мәслихатында ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті.
«Жалпы бүгінгі уақытқа дейін біздің спортшылар 2012 жылы өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына 45 жолдама ұтып алды. Келесі жылы негізгі лицензиялық жарыстардың өткізілетіндігін ескерсек, Қазақстан өз жолдамаларының санын Бейжің Олимпиадасына алған жолдамалар санынан асыруды жоспарлап отыр», - деп атап өтті Е. Қанағатов.
Оның айтуынша, отандық спортшылар жоғары спортта өте биік жетістіктерге жетіп отыр. Олимпиадалық спорт түрлерінен өткен Әлем чемпионаттарында отандық спортшылардың жеңіп алған медальдардың рекордтық саны тіркелді.
«Қысқа уақыт ішінде қанжығамыз 15 медальмен толығып, Әлем рейтінгісінде Қазақстан алтын медальдардың саны бойынша 22 орынға, ал жүлде саны бойынша 14 орынға орналасып отыр. Бұрын-соңды осындай уақыт ішінде мұншама медаль түсіп көрмеген. Бұл отандық спортшылардың Лондон Олимпиадасы қарсаңындағы дайындық деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді», - дейді комитет басшысы.
Министрліктің қазақстандық спортышылардың сапалық көрсеткіштерін бағамдай отырып, келесі жылы Қазақстан құрамасы Бейжің Олимпиадасына қарағанда, одан да үздік өнер көрсететіндігіне сенімді. Спортшыларымыздың ауыр атлетикадан, бокстан, күрестен, жеңіл атлетикадан көрсеткен нәтижелері Қазақстанның жоспарлаған медальдар санын жеңіп алуға мықты әлеуеттің барын көрсетеді.
Е. Қанағатов айтып өткеніндей, Қазақстан Лондон Олимпиадасына қатысты нақты жоспар 8 желтоқсан күні арнайы жедел штабтың отырысында кеңінен пысықталмақ.