Қазақстан мал санын Нидерланд әдісімен реттеуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Нидерланд Корольдігінің ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және табиғатты пайдалану министрлігінің бас хатшысы (вице-министрі) Ян-Кейс Худ жүр.

Вице-министр бастаған делегацияның мақсаты - екіжақты жұмыс тобының аясында қолға алынған агроөнеркәсіп жобаларын алға жылжытып, жаңаларына жол ашу. Осы сапар аясында вице-министрлер деңгейінде келіссөздер жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов екіжақты жұмыс тобының арқасында қолға алынған жобалар сәтті жұмыс істей бастағанын айтады.

- Үш жыл бұрын Нидерланд Корольдігі мен Қазақстан арасында ауыл шаруашылығын бірлесіп дамытуға бағытталған екіжақты жұмыс тобы құрылған болатын. Жалпы Нидерланд тәуелсіз Қазақстан тарихында ең көп инвестиция салған мемлекет екенін білесіздер.
Нидерландта тұқым шаруашылығы, жылыжайда картоп өсіру жақсы дамыған. Ақтөбе, Алматы сияқты қалаларда, Түркістан облысында Нидерланд технологиясымен жұмыс істейтін бірнеше жылыжай бар. Ветеринария саласы бойынша да бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Нидерланд тарапынан бірнеше ұсыныс айтылған. Wageningen университеті мен Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті арасында студенттерді, магистранттар мен ғалымдарды дайындау бағытында меморандум бар. Сол меморандум аясында Нидерланд ғалымдары онлайн режимде Алматыдағы студенттерге сабақ береді, - деді ол.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, Қазақстанға Нидерланд елінің ветеринариялық реттеу және қадағалау жүйесі қызықты болып отыр.
- Өйткені бұл мемлекет ветеринариялық ахуалы тұрақты ел болып есептеледі. Вакцина өндірісі де жақсы дамыған. Малды тіркеу, есепке алу, есептен шығару жүйесі жетілген. Осы салалардағы тәжірибесін мұқият зерттедік. Тәжірибе алмасу жұмыстарына ветеринарлар да, аграрлық білім беру орталықтары да қатысып жатыр. Бұл Нидерланд елінің озық тәжірибелерін сол қалпында енгізе саламыз деген сөз емес. Олардың жер аумағы шағын болса, бізде алқап көп. Мал саны бойынша да айырмашылықтар бар. Соның бәрін ескеріп, ең оңтайлы деген тәсілдерді бейімдеп енгізуді ойластырып отырмыз. Әсіресе малдың нақты санын білу, тіркеуге алу, етке жіберілген малды есептен шығару, жалған статистиканы болдырмау сияқты бағыттарда тәжірибе алмасу керек. Мал санын құжатқа қолдан қосып жазу дейтін мәселе бар екенін Президент те айтқанын білесіз. Нидерланд тәсілі бойынша ветеринарларды «Төрт түлік» ақпарат жүйесіне планшет, смартфондар арқылы қостық, арнайы планшеттер берілді. Бұл мамандарды компьютерге кіріптарлықтан, әр фактіні кеңсеге барып жүрмей, оқиға орнында тіркеп отыруға мүмкіндік береді, - дейді Азат Сұлтанов.
Сондай-ақ, ол Қазақтан Нидерланд фермерлерінен картоптың жоғары өнімді тұқымдарын, түрлі дақылдардың көшеттерін көп ала бастағанын айтты.

Ал Нидерланд елінің өкілі робот көмегімен жер өңдеу сияқты озық технологиялар қазірдің өзінде азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды бөлшегіне айналғанын айтты.
- Қазақстан мен Нидерланд жылыжай шаруашылығы, технологиялар мен тұқым шаруашылығы, бау-бақша шаруашылығы салаларында орнықты әріптестік қарым-қатынас орнатып отыр. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін екі тарап та бірдей үлес қосу керек деп есептеймін.
Біз бизнес деңгейінде де, мемлекет деңгейінде де, академиялық салада да көпжақты әріптестікті дамытамыз деп үміттенеміз.
Азық-түлік өндірісін дамытуда инновациялар жетекші маңызға ие болып отыр. Робот көмегімен жер өңдеуге, цифрландыруға, жер басқарудың орнықты тәсілдеріне ұзақ мерзімді инвестиция тарту өзекті мәселеге айналды.
Осы аптаның ішінде мен Қазақстанда бірнеше маңызды кездесу өткіземін. Осының бәрі екіжақты ынтымақты дамытады деп үміттенемін, - деді ол.
Нидерланд делегациясының құрамында GroenPact, Aires, Lentis және Has қолданбалы аграрлық институттары, Нидерланд білім беру мекемелерінің өкілдері бар.
Сондай-ақ, делегация құрамына гүл экспорттайтын 40 астам Нидерланд компаниясы кіріпті. Олар Экспо орталығында 8-10 сәуір аралығында өтіп жатқан Grow Expo & Flora Expo халықаралық аграрлық көрмесіне қатысуда.
Еске салсақ, өткен жылдың алты айында Қазақстан мен Нидерланд арасындағы тауар айналымы 2,5 млрд долларға жеткен еді.