Қазақстан медицинасында балаларға перитонеальды диализ жасау тәжірибесінің алғашқы жылы қорытындыланды

Қазақстанда балаларға бұл ем Ұлттық ана мен бала орталығында 2009 жылдың 21 қарашасынан бастап жасала бастады. Конференцияда белгілі болғанындай, содан бергі уақытта орталық базасында 17 бала емделген. Оның 3-уі дүние есігін жаңа ашқан бірнеше айлық нәресте.
Дәрігерлердің айтуынша, бұның алдындағы жылдары диализ ем-домын алу үшін, қазақстандық балғындар сырт мемлекеттерге баруға мәжбүр болған.
«Перитонеальды диализ педиатриялық тәжірибе үшін теңдессіз болып табылады. Ол жансақтау бөлімінде созылмалы бүйрек қызметі жетіспеушілігіне душар болған науқастарға жасалатын көмек кезінде таптырмайтын ем екені даусыз»,-дейді Ұлттық медициналық ходинг» АҚ басқармасы төрағасының медициналық мәселелер жөніндегі орынбасары Тамара Вощенкова.
Оның айтуынша, перитонеальды диализ дегеніміз - арнайы аппарат арқылы, яғни адамның қанын сүзгілердің көмегімен тазарту. Сүзгіден қан өткенде қажетсіз қалдықтар қалып қояды да, тазарған қан қайта ағзаға құйылады. Науқастың жағдайына байланысты қан бір аптада екі-үш рет тазартылып отыруы тиіс. Жалпы, адамдардың бұндай дертке шалдығуы бүйректің болмашы ауруына немқұрайды қараудан туындайды.
«Бұл емдеу әдісінің біздің Қазақстанда, Ұлттық ана мен бала орталығының педиатрия бөліміне енгізілгеніне бір жыл толды. Бүгін біз сол жұмыстың нәтижелері мен қорытындыларын шығарудамыз. Атқарылған істердің нәтижесі жағымды. Біздің елде осындай ем ары қарай дамып жатса - құба-құп»,-дейді Т.Вощенкова.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Ресей және Қазақстанның нефрология және гемодиализ саласының алдыңғы қатарлы мамандары қатысып отыр.