Қазақстан мектептері мен ЖОО-ларындағы сабақтар патриоттық бағытта жүргізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орындарындағы сабақтар патриоттық бағытта жүргізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы аясында БАҚ өкілдеріне Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.
«Біздерде Қазақстан тарихы, саясаттану, қоғамтану және мәдениеттану сынды жекелеген пәндер бар. Міне осы және өзге де пәндерге «Мәңгілік Ел» идеясын және ондағы ұстанымдар мен құндылықтарды қосатын боламыз. Бұлар соңғы уақытта Мемлекет басшысының сөз сөйлеулерінде көтерілген құндылықтар. Егер орта білім беру саласын алар болсақ, онда жекелеген пәндер мен бағдарламаларға «Мәңгілік Ел» мен «Ұлы дала елі» элементтері кіргізіледі», - деді ол.
Оның атап өтуінше, мұндай шаралар тәрбиелік жұмыстарды да қамтитын болады.
«Біз қазіргі уақытта тәрбие жұмыстарының жаңа тұжырымдасын әзірледік. Оның 8 бағыты бар. Ең басты бағыты - бұл қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу. Ол «Мәңгілік Ел» және «Ұлы дала елі» идеясы құндылықтарына негізделеді», - деді Т.Балықбаев.
Сонымен қатар вице-министр мектептер мен жоғары оқу орындарына жаңа пәндердің қосылмайтындығын атап өтті.